Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Өз тілін өгейсіткен халықтың түбі өксікпен өтпесіне кім кепіл?

27 Тамыз 2012 | 9:51

Тақырыпқа қарап, е, баяғы қазақ тілінің бітпейтін мұңы екен ғой деп қалмаңыз. Өз тілін өгейсітетін бізден басқа да халықтар бар екен…
Жуырда жол түсіп, Беларусь Республикасына барып қайттық. Белоруссияда жергілікті халықтың үлесі 80 пайыздан артық, демек, өз тілдерінде сақылдатып-ақ жүретін жұрт. Бірақ ондай болмай қапты… Өз қағынан жеріген құланша бұлар да өзінің ана тілінен жеріп кетіпті. Бұлар да барлық жерде: көшеде, үйде, қызметте бір-бірімен тек орыс тілінде сөйлеседі екен. Оу, беларус тілі – ана тілдерің қайда десек, ол ауылды жерлерде, онда да батыс жақтағы мекендерде қалған деседі өздері. Осыған намыстанып жатқан жандарды және көрмедік. Әрине, барлық көрсет­кіш­тер, соның ішінде көше атаулары беларусша жазылған. Теледидардан да орыс ті­лі­нің ара-арасында беларус тілі шығып қа­лады, әсіресе, ауа райын айтқанда беларус тілі естіледі. Ал басқа уақыттағы дүние­нің бәрі орысша. 1995 жылы Президент А.Лукашенко референдум өткізіп, орыс тіліне екінші мемлекеттік тіл мәртебесін алып беріпті. Референдумда да керек нә­тижеге қол жеткізу оңай болып кетті ғой, биліктің өзі осыны қалап тұрған соң халық солай дауыс берген секілді. Өздеріңдей Украина қазір таза өз тілдерінде сөйлейді, өз жерлеріңізде отырып сіздер неге солай етпегенсіздер деп таң қалсақ, бізден ешкім талап еткен жоқ, қалай қалыптасса, солай кетіп бара жатыр деп немқұрайдылық білдірген адамдар көп болды. Демек, билік, жоғарыдағылар ұлттық тілді керек қылмаған соң қара халық та сол бетпен кетіп бара жатқан сыңайлы.

«СБ», яғни «Советская Белоруссия» деген күніне 300 мың данамен тарайтын ресми газеттері бар екен, ондағы тіл де негізінен орысша, ара-арасында беларус тілінде қысқа ғана материалдар салынатын көрінеді. Оппозицияның газет-журналдарын дүңгіршіктерден табу қиын. Бәрі тәртіпті, таза қалыпта болса да адам құқы, ақпараттарды кедергісіз алу бостандығы шектеулі ме деп қалдық. Тәуелсіздікке қол жеткізген жылдарда КСРО-ның қолас­тын­да жүріп жоғалтқан ұлттық құндылық­та­рын қайтаруға да асықпағаны көрініп тұр. Орталық көшелердің бәрі сол баяғы ком­мунистік режім көсемдерінің атында.

Бұл өзі не қылған халық? Өркениеттің өрі атанған Еуропаның ортасында отырса да өзін-өзі неге құндамайды? Біз болсақ, «мәдениет бізге ұлы орыс халқына қо­сыл­ғанымыздың арқасында ғана батыстан келді» деген идеологияға басымыз шырмалып қалды, ал бұлар тіпті орыстың өзіне қарағанда да еуропалық өркениетке жақы­нырақ отырған халық қой. Өздеріндей поляк, чех, словак, украин, болгар сияқты сла­вян халықтары империяның тікелей және жанама қол астында болғанда жо­ғалтқандарын жанталаса іздеп, тілін де, ділін де тірілтіп жатқанда бұлардікі не қыл­ған самарқаулық деген ой маза бер­меді. Әрине, елдегі мұндай ахуал ұлттық интеллигенцияны, зиялы қауым өкілдерін қанағаттандырмасы хақ. 1989 жылы КСРО халық депутаттарының алғашқы съезі кезінде беларустің тамаша жазушысы, про­фессор Алесь Адамович бізге жан­ашырлық білдіріп сөйлеген, ал Желтоқсан оқиғасы туралы пікірін айтқанда, шіркін-ай, сендер тым болмаса кіммен төбелесуді білесіңдер ғой, біз ешкімді түрінен де айыра алмай қор болып қалған жоқпыз ба деп күйіне айтқан сөзі есте қалыпты. Демек, ұлттық интеллигенция КСРО-ны сол кезден-ақ жек көрген. Өйткені, олар қарын қамын ғана ойламай, рухани байлықты да жоқтайды ғой. Ендеше, зиялы қауымның тың зерттеулері, бұрын белгісіз болып, кейін табылған дүниелер бар шығар деген үмітпен кітап дүкендерін көп араладық. Сөйтіп, бір сөреден Вадим Деружинский деген тарихшының «Тайны беларуской истории» деген кітабын таптық. Ғылыми редакциясын беларустың белгілі қай­рат­кері А.Е.Тарас басқарған бұл кітапқа қарап беларус халқы туралы білігіміз, тіпті аз екенін көрдік.

Алдымен… 1840 жылға дейін «беларус» деп аталатын халық жер бетінде болмаған да екен. Тек осы жылы үлкен де іргелі ел болып, поляктармен бірігіп Речь Посполита атты конфедерациялық одақ құрған литвин деген халықты орыс патшасы өзінің қай күндегі озбыр әдетімен арнайы жарлық шығарып, «беларус» атандырып жіберіпті.

Украинаны «малорос» атағанын, ал Маньчжуриядан тартып алған жерлерді «желторос» атамақ болғанын естіген едік. Бірақ тарихта зор істері қалған Ұлы литвин князьдігін «белорос» атап, артынан оның халқын беларуске айналдырғанын осы жолы білдік.

Ресей авторлары толтырған Википедия энциклопедиясындағы анықтамада Ұлы литва князьдігі (ҰЛК) ХІІІ ғасырда құры­лып, ХVІІІ ғасырдың аяғына (1795 ж) дейін 5 ғасыр бойы өмір сүргенін айтады. Оның территориясы қазіргі Белоруссия мен Литва жерін толығымен, Украина, Ресей, Латвия, Польша және Эстония жер­ле­рінің біршама аумақтарын қамтыған.

Міне, осы князьдіктің негізгі халқы литвиндер, яғни қазіргі беларустар болған екен. ҰЛК Мәскеу княздігінің Шығыс Еуропаны жаулап алмақ болған ниетіне мықты тойтарыс берген іргелі мемлекет ретінде тарихта аты қалған. 1569 жылдан бастап ол өзінің Мәскеу билігіне қарсы одақтасы Польшамен бірігіп, Речь Посполитаны құрған. Бұл одақ та 2 ғасырдан артық өмір сүріп, тек 1795 жылы Ресей, Пруссия және Австрияның бірлескен соққысына шыдай алмай, тарауға мәжбүр болған. Содан кейін, 1815 жылдан бастап ҰЛК аумағы толығымен Ресей импе­рия­сының қарамағына өткен. Алғашқы 70 жыл­да литвин (белорус) халқы орыс патшасына қарсы үш рет үлкен көтерілістерге шыққан. Олар қанды қырғынмен таратыл­ған. Бірақ бұл қасаптар үнемі жалғасып отырып, «царизм уничтожил национальную белорускую шляхту, а затем Сталин – национальную белорускую интеллигенцию», дейді автор. «Шляхта» дегені Польша корольдігі мен ҰЛК-дегі ақсүйектер сословиесі.

Қалай болса да, беларус халқын Ресей тек ХІХ ғасырдың басында ғана бағын­дыр­ған екен-ау. Бұлар империяның құрамы­на бізден де кейін еніпті. Осы уақытқа дейін бізге бұларды «Киев Русі» атанып, орыс, украиндармен барынша туыс­қан халық деп оқытып келді емес пе? Мұны В.Деружинский ХVІІІ ғасырда Екатерина патшайымның бұйрығымен Н.Карамзиннің ойдан шығарған дүниелері, «История Государства Российского» деген 12 томдық сол еңбек «пронизан великодержавной идеологией, излагает историю Московии, якобы берущей начало от Киева и Новгорода, хотя они никогда «рядом не лежали», дейді. Бүгінгі күні орыс тарихшылары «осы ертегіні» мультфильмдер арқы­лы жас ұрпақтың санасына сіңіруде. Сон­дағы жымысқы саясат – Киевті Мәскеудің қоластына қайтару. Ал «ойдан шыға­рыл­ған тарихтың» өзі Киевтің Мәскеуден маңыздырақ екенін, сонымен бірге: «показывает второстепенное историческое значение нынешной России в сравнении с Матерью-Украиной. Чего, разумеется, никто в Москве не желает признавать» деп қорытады ол өз сарабын. Ғалым украиндар мен орыстардың географиялық, этни­ка­лық тұрғыдан ғана емес, антрополо­гия­лық тұрғыдан әртүрлі халықтар екені анықталған дейді. В.Мазец деген тарихшыны еңбегінен де: «…существование в ІХ-ХІІІ веках общей родины беларуского, украинского и русского этносов – Древней Руси принципиально неверное суждение. Миф этот давно уже опровергнут наукой (археологией, генетикой, антропологией, лингвистикой, историей)» деген қоры­тын­ды келтіреді.

Өз еңбегінде В.Деружинский: «Ограждение нас от наследия страны предков – Великого княжества Литовского – продиктовано вполне реальным страхом. Это страх очищения менталитета беларусов от нелепых мифов, навязанных царизмом, сохраненных и развитых идеологами СССР» дей келіп, беларус халқының тілін құрсаулап, ділін тұншықтырған аңыздарды санамалап береді. Соның ішінде беларус­тарды «украин және орыс халықтарының туысы» деп айтылатын тұжырымды мүлде жоққа шығарады. «На самом деле литвины-беларусы родственны только с мазурами Польши и лужицкими сербами» дейді ол. Сонымен бірге беларус, украин және орыстардың «шығыс славяндар» деп аталуы да саясат үшін патша идеологтарының ойдан шығарған аңызы екенін айтады. Өйткені: «западные балты (беларусы) не могли произойти от славянизированных финнов (русские) – т.е. от другой расы, не индоевропейцев» дейді автор. Бела­рус­тар­дың тілі, мәдениеті және тарихы орыс­тардікіне қатты ұқсайды дегенге: «Это просто абсурд. Беларуский язык абсолютно не похож (бұрынғы, бүлінбеген кезінде деген мағынада – Ж.С.) на русский, гораздо больше он похож на польский. Наша народная культура не имеет ничего общего с русской, а «общая история» – это постоянные войны с Московией» депті. Екі халықтың ділі бір дегенге: «у русских великодержавный ордынский менталитет, включающий обожествление своих правителей, а у беларусов антиимперский толерантный и либеральный менталитет европейского типа» деп жауап қайырылған. Ол тіпті беларустар мен орыстардың діні бір дегенді де жоққа шығарады. «Добрая треть беларусов была католиками и по сей день остаются ими, а остальные были греческой православной веры Киева – но не Москвы. С 1596 года литвины – беларусы стали униатами, и лишь в 1839 году (через 243 года) указом царя их насильно «перевели» в церковь Москвы».

Осы арада басқа да тарихи дерек көздерінен 1596 жылы Беларусь жерінде униат шіркеуінің құрылғанына көз жеткіз­генімізді айта кетелік. «В ХVІІ-ХVІІІ веках эта была самая многочисленная конфессия» делінген онда.

Одан әрі, Ресейдің «орыстар Беларусьті поляктардың езгісінен құтқарды» дегені де ақылға сыймайтын аңыз деп айтылады. «В реальности никогда не было никаких этнических трений между беларусами и поляками. Это два родственных народа, живших веками в общей стране, без каких-либо вооруженных конфликтов» дейді В.Деружинский. Ал керісінше, орыс патшасы Иван Грозныйдың 1563 жылы Полоцк қаласын алғанда барлық дінбасы­ла­рын қырып тастағанын, Алексей Михайлович патша 1654-1667 жылдары Мәскеудің дінін қабылдамаған униаттарды жас балаларымен бірге храмдарға қамап, өртеп жі­бергенін, І Петр патша діндарларды София соборына қамап, храммен бірге жарғанын, т.б айтады. Ал І Николай тілдеріне құрсау салғанын, тіпті құдайға құлшылық қылғанда да беларус тілінде тілек тілеуге тыйым салғанын, беларус тіліндегі Інжілді жағып жібергенін келтіріпті.

Өзінің еңбегінде В.Деружинский ҰЛК қазіргі Литваның емес, беларустардың мем­лекеті болғанына жүздеген құжатты де­ректер келтіреді. Мәселен, француз­дар­дың 1700 жылғы фельдъегерлік поштаға арналған картасында ҰЛК территориясы анық көрсетіліп, соның ішіндегі қазіргі Литва аумағын (о кезде Самогития деп аталған) «ҰЛК-ның колониясы» деп көр­сет­кен дейді.

Қазіргі беларус этносы, В.Деружин­ский­дің айтуынша, Батыс және Орталық Беларуссияны мекен еткен ятвага мен дайново тайпаларының біртіндеп кірігуінен туған литвиндер мен Шығыс Беларуссияда тұрған кривичтердің араласуынан қалып­тасқан. Бірақ кейбір ғалымдар болмаса патша өкіметі мен коммунистер заманында бұл ауызға алынбай, бұқтырылып тас­тал­ған ақиқат. Оны қазіргі беларус халқы білмейді де дейді ол. Осы литвиндер мен кривичтер ешқандай славян емес, Балтық халықтарының туыстары сияқты. Патша­лық­тың осы фактіні қатаң жасыру себебі – беларусті славян деп өзіне икемдеп, қата­рына қосып алған құпиясын кейінгі ұр­паққа білдірмеу көрінеді.

Осындай, тарихын бұрмалау, жер, су атауларын өзгерту арқылы халықтарды түпкі негізінен, өзіндік өзегінен адастыру саясаты орыс патшалығында да, кейінгі кеңес идеологтарында да молынан кезде­се­тінін білеміз. Мәселен, ұзақ жылдар бойы қазақ халқын моңғол-татар әскер­леріне ешқандай қатысы жоқтай, кері­сін­ше, одан жапа шеккен халықтардың бірі ретінде танытып келді. Ал шын мәнінде Шыңғыс ханның жеңімпаз әскерлерінің қатарында қазақтың найман, керей, жалайыр, қоңырат, т.б. руларының сарбаздары мен сардарлары да болып, жеңімпаз жо­рықтар жасағанын бізге білдірмеді ғой, оларды айтқан адам болса ауыздарына құм құйды. Қазақ халқының атауын да ал­ғашқы кездері «қазақ» деп дұрыс атаса да, артынан әбден шатастыру үшін «киргиз» атандырып жіберді. Сол сияқты Қырымды да Таврия т.б. атандырғанын білеміз. Ал өздерінің «ов» жұрнақтарын қосу арқылы қаншама қала мен даланы орыстардікі қылып жібергенін көзіміз әлі де көруде. Мәселен, Сарытауды «Саратов», Ала­тау­дың Алматысын да көптеген жазбаларында «Алматов» деп көрсеткен. Егер Қа­зақстан тәуелсіздігін алмаса, тағы бір 30-40 жылда Көкшетау да «Кокчетов» (әзірге «кокчетав» күйінде жүрген еді) деген бір орыстың иелігі болып шыға келер еді…

Қазіргі Литваны В.Деружинский ҰЛК негізгі халқы литвиннің атауын иемденіп кеткен княздіктің Жемойтия (немесе самогития, екеуі бір сөз, біреуі латынша, біреуі орысша транскрипциясы) атты провинцияда тұрған шағын тұрғындары екенін айта отырып, бірақ олардың 1920-шы жылдары ресейліктердің қолдауымен ҰЛК негізгі халқы біз деген мифті қалыптастырғанын айтады. (Википедия энциклопедиясында да қазіргі литва этносы жемойтия мен аукшайте деген тайпалардың бірігуінен жаралған халық деген сөздер бар). Бұл пікірді қостайтын дәлелдің біріне автор 1916 жылы ІІ Николай патшаның өзін қалай атайтынын келтіреді: «Мы, Император и Самодержец Всероссийский, Московский, Киевский, …Царь Казанский, Царь Астраханский, …Великий Князь Смо­ленский, Литовский, Волынский, Финляндский, Князь Эстляндский, Лифляндский, Самогитский, Белостокский, Тверьский…».

Міне, осында ІІ Николайдың Белоруссияны мүлдем атамағанына назар аудара келіп, ол кезде біздің тарихи атауымыз Литва әлі де қолданылатын, ал қазіргі Литва деген ол кезде Самогития князьдігі болатын, дейді зерттеуші. Сонымен қатар 1919 жылы қазіргі Литва өзінің тәуел­сіз­дігін жариялап, дербес мемлекет болған­нан кейін РКСФР-дан ҰЛК шежірелері жазылған тарихи құжаттарды қайтаруды өтінгенін ауызға алады. Ресей жағы бұл талаппен келісіп, бірақ өз тілдерінде ғана жазылған құжаттарды қайтарамыз деген екен. Сөйтсе, «жемойти и аукшайты, гордо объявившие себя «литовцами» согласились и остались ни с чем, так как среди более чем 500 томов Метрики (құжаттар – Ж.С.) ВКЛ таких текстов не было ни одного». Демек, құжаттар литван, яғни бұ­рын­ғы беларус тілінде ғана жүргізілген екен.

Тарихы осылай тереңге кетіп, кезінде іргелі ел болған халық екенін бүгінгі күнгі беларустар неге жоқтамайды, бұл халық­тың рухын көтеріп, отаншылдық сезімді лаулататын фактор емес пе деген сауал­дарға да В.Деружинскийдің деректерімен жауап беріп көрелік. «Любые попытки вернуться к правде карались и пресекались» дей келіп автор, 1910 жылы Вильнода «Краткая история Беларуси» деп атал­ған шыншыл еңбек жазған Вацлав Ластов­скийдің және соғыстан кейін де осы тақырыпқа барған талай тарихшылардың Сталиннің түрмелерінде шірігенін айтады. «Идеологи КПСС цеплялись за «Русь» и «православие», отвергая при этом нашу Литву, униатскую веру, а также беларус­ский язык именно потому, что все это казалось им «сепаратизмом» и чем-то «западным». Өткен ғасырдың 60-шы жылдары­ның басына дейін беларус мектептерінде де БКСР тарихы да оқытылмапты. «В Москве считали это ненужным», дейді автор. Өз халқының тарихынан қуғын-сүргінмен, қорқытып-үркітумен безіндіру саналарына әбден сіңген беларус халқы әлі күнге сол үрейден арыла алмай, туған тіліне бейжай қарайтынын бүгін де көріп отырмыз. «…Не пакідайце мовы нашай беларускай, каб не умерлі» (Өлгеніңше өз беларусыңның тілін ұмытпа. – Ж.С.) деген үлкен ақын­дары­ның бірі Мацай Бурачоктың (1840-1900) ескертпесін де халқы ескермейтін секілді.

Әрине, В.Деружинскийдің кейбір пікірлері талас тудырары анық. Бірақ беларус халқының ұлттық санаға қатысты бүгінгі самарқау ахуалы оның келтірген тарихи фактілерінің салдары екені даусыз.

Беларустардың өз жерінде өз халқынан өгейлік көріп, ықылым заманнан бері өздерін жеке халық етіп ұйытса да жұты­лып бара жатқан ана тілі, ұлттық қалпы басқаны білмеймін, біздің жанымызды ауыртты. Ғасырлар бойы елін, жерін жаттан өзегін отқа қарып қорғаған батырлар мен бағландар, көсемдер мен шешендер, хал­қы­ның рухын көтеріп, ана тілінде жыр­лаған ақындар мен жазушылар есімдері де әлі күнге коммунистік көсемдердің тасасында қалып қойған. Біз жоғарыда ауызға алған нағыз патриот жазушы Алесь Адамовичтің атына да бір көше аты бұйырмапты… Ұлттық мүддені жоқтайтын зиялы қауым өкілдерінің үндерін де бәсеңдетіп тастаған. В.Деружинскийдің: «Нашей стране крайне необходимо возвращение к своей собственной тысячелетней истории. Без этого Беларусь как суверенное государство вряд ли возможно, по крайней мере – в длительной перспективе» деген сөздерінің жаны бар. Егер өз тарихын құндап, өз ерлерін ескермесе – беларус халқы тілінен де, ділінен де тегіс айы­рылатын сияқты. Ал тілінен айырылған жұрт – ұлт ретінде жер бетінен жойылатыны сөзсіз. Беларус түгілі өркениетті өз қолымен қалаған соғда, латын, т.б. сияқты ұлттардың да тілдері жойылып еді, өздерінің де қайда қалғаны белгісіз.

Беларусқа қарағанда біздің халіміз құдайға шүкір екен. Өзімен кеткір мұндай үлгілер бізді үнемі шошындыратын, тәубе­мізге түсіріп, тағылым салатын болуы керек.

Осындай жайларды өз көзіңмен көріп келгенде қазақ тіліндегі балабақшалар да, қазақ тіліндегі мектептер де, қазақ тілін­дегі жоғары оқу орындары да, қазақ тілін­д­егі телеарналар да жылдан жылға көбейіп келе жатқан өз елімізде «мемлекеттік тіл мүсіркерлік халде» деп қара аспанды суға алдыратындардың артық байбаламына қарның ашатыны анық. Бәрі де салыстыру арқылы білінеді десек, бізде негізгі үрдіс дұрыс екенін көре аламыз.

Өз тілін өгейсіткен халықтың түбі өксікпен өтпесіне кім кепіл? Тәуелсіздігі қолға тиген тұста да туған тіліне орала алмай жүрген беларус бауырларымыздың жай-күйі бәрімізді де ойлантуға тиіс.

Әрине, өз мәселемізді шешіп біткендей, айдаладағы беларустарда неміз бар деп бізді жазғыратындар да табылатыны талассыз. Қайтейік, өзек өртер өкініш жанымызды жай таптырмаған соң қолға қалам алдық…

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»