Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Ақиқатқа айналған арман қала

6 Шілде 2012 | 9:00


Осыдан ширек ғасыр бұрын «Арқа жақтағы Целиноград атты қаланың орнына Қазақ елінің астанасы орналасады, мұнда төбесі көк тіреген зәулім ғимараттар салынады, ол қала әлемдік қауымдастықтың назарын өзіне аударып, азуын айға білеген көсемдер мен шешендердің басын қосқан шаралар өтетін орталыққа айналады» десе, ешкім сенбес еді. Бос арманға балап, мазақ етер ме еді, кім білсін?!

Ал сол арман бүгінде ақиқатқа айналды. Елбасымыздың төл туындысы — Астанамыз күн сайын көркейіп, құлашын кеңге жайып, алыс арманға көз тастап, көз тастап қоймай, қол созып, қол созып қоймай, табан іліктіріп келе жатыр. Енді бір ширек ғасырдан кейін әлемнің сегізінші кереметі орналасқан Астанаға ағылған елді көрер күн туса, таң қалмаңыз. Иә, таң қалмаңыз. Себебі, Астананың болашақтағы кескін-келбеті жобаланған бас жоспар солай дейді. Бүгінгі қазақ Астанасымен мақтанса, келесі ұрпақ Астанасымен марқаятын болады.

…Осыдан он жылдай бұрын елордамызға келген қонақтарды «Бәйтерек» кешені, Думан ойын сауық орталығы, одан қалды Президенттік мәдениет орталығына алып баратынбыз. Өйткені, одан өзге мәдени ошақтар жоқтың қасы еді. Ал бүгінгі таңда бас қаламыздың көз тартар көрікті орындарын аралап шығуға бір күн аздық етеді. Екі күн де жетпей жатады. Бас сұғып шығар орын көп: Хан Шатыр, Бейбітшілік және келісім сарайы, Тәуелсіздік сарайы, 30 мың орындық жабық стадион, Әуежай ғимараты, «Ел Ана» монументі, «Жер Ана» монументі, «Қазақ елі»монументі, «Бөгенбай батыр» ескерткіші, «Жәнібек пен Керей» ескерткіші, «Кенесары хан», «Абай» ескерткіштері, Үш биіміздің ескерткіші, «Сарыарқа, «Керуен», «Мега», «Азия паркі» ойын сауық және сауда орындары, «Қазақстан» орталық концерт залы… деп жалғасып кете береді. Ал енді күні кеше ғана бұлардың қатарына Тілеп қобыз сарайы қосылды. Ал 6-шілде күні Хазірет Сұлтан мешіті қалың мұсылманның игілігі үшін есігін айқара ашпақ. Жыл соңына қарай Есілдің сол жағалауында Опера және балет театрының жаңа ғимараты жұмысын бастайды.
Алдағы жылдарда да талайды тамсандырар нысандар бой көтере бермек. Ол нысандардың қайда, қалай орналасатыны Астана қаласын дамытудың аймақтық жоспарында көрініс тапқан. Осы жоспарға зер салсақ, бүгінгі таңда Астана қаласының 2030-жылға дейінгі барлық жобасының 30-40 пайызы ғана іске асыпты. Демек, елордамызда әлемнің сегізінші кереметіне баланатын талай тың жобалар туа бермек.
Десек те біз әуелі Астана қаласының бас жоспарының қалай жасалғаны туралы айтуды жөн көрдік.
«Қазақстанның жаңа астанасы қандай болуы керек?» деген сұраққа жауап алу үшін халықаралық байқау жарияланып, әлемдік сәулет өнерінің шеберлері жіберген жүздеген жобалар сараптаудан өткізілген. Жапония, АҚШ, Австралия, Италия, Франция, Германия, Ресей, Финляндия, Корея, Болгария, Пәкістан, Польша, Чехия, Украина, Өзбекстан, Қырғызстан және Латвия сияқты елдерден келіп түскен 50-ден астам жобаның барлығы да Конгресс-холлға қойылып, көптің талқылауынан өтті. Солардың ішінен 27 жоба қазылар алқасының қарауына іріктелді. Сөйтіп, байқау соңында жапон сәулетшісі Кисе Курокаваның — жобасы қабылданды. Кисе Курокава Амстердам қаласындағы Ван Гог мұражайы, Куала-Лумпурдың халықаралық әуежайы, Осака қаласының Ұлттық-экологиялық мұражайы, Болгариядағы «Витоша» қонақ үйі, «Сонy» корпорациясының мұнарасы сияқты жобалардың авторы. Ол өз жобасында жаңа философиялық көзқарасты тұғыр еткен. Өзінің айтуынша, «ХХ ғасыр механикалық принциптер үстемдік алған дәуір болса, ХХІ ғасыр Өмір принциптеріне көшетін дәуір болады. Ендеше, Қазақстанның жаңа астанасы «симбиоз» атты шешуші ұғымды арқау етуі тиіс».
Әрине, уақыт өте келе, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қазақстандық архитекторлар «Астана қаласының бас жоспарына» өзгерістер мен тың жаңалықтар енгізіп келеді. Сондықтан Астана қаласының келбеті болашақта қандай болады деген сауалға жауап іздегендерді Тәуелсіздік сарайының үшінші қабатына шақырамыз. Бұл қабатта елордамыздың макеті орналастырылған.
Осы жоспарға сәйкес, Астанадағы «Шұбар» ықшам ауданындағы коттедждер 2030 жылға дейін түгел бұзылып, орнында көп қабатты тұрғын үйлер салынады екен. Ол тұрғын үйлер «Бұлттармен астасқан үй» атты архитектуралық жоба бойынша салынуы мүмкін. Жоба авторы, танымал сәулетші Шоқан Матайбеков баспасөзге берген бір сұхбатында Астана қаласының Шұбар шағын ауданында салынуға тиіс «Бұлттармен астасқан үй» архитектуралық жобасы туралы айтады. Бұлттармен астасатын үйлердің биіктігі 320 метрлік 70 қабатты зәулім ғимарат екен. Автор бұл жобаны жүзеге асырмастан бұрын Нью-Йорк, Гонконг, Шанхай қалаларының сәулет үлгілерімен танысып шыққан. Бұл — елордамыздың авторы Елбасының өзі мақұлдаған жоба. Айта кетейік, бұл жоба 2009 жылы әлемдік дәрежедегі Архитектура Триеналының күміс медалін жеңіп алды.
Әлемнің сегізінші кереметі атануға үміткер жобалардың бірі — Жабық аудан. Жабық тұрғын үй кешенінің орасан зор күмбезінің астында толық инфрақұрылымы бар бүтін бір шағынаудан орналаспақ. Бұл жерде жыл мезгілінің кез келген уақытында тұрақты ауа температурасы сақталады. Жабық ауданда 10 мың тұрғын тұра алады. Жабық шар секілді дөңгелектің астында екі шақырымды алатын бұл қаланың барлық нысандары метро сияқты бір-бірімен жалғастырылмақ. Кешен орталығында балабақша, мектеп, аурухана, кеңсе, сауда орталығы, аквапарк, ойын-сауық кешені, спорт сарайы, СПА-салондары мен кинотеатр орналасады. Жыл бойы жаз болып тұратын қалашықта жасанды жағажайы бар хауыз және айналасына экзотикалық пальмалар отырғызылады. Шұғыл континентальді суық ауа райына төтеп беретін жоба, Лондонның «Мыңжылдық күмбезін» артта қалдырады деп күтілуде.
Жабық қаланың жоғарғы жағынан қарағандағы көрінісі, ұшып бара жатқан құстың бейнесі — қазақтың ұлттық ою-өрнегін еске түсіреді. Сәулетшілер басты назарды қаланың экологиялық тазалығына әрі сейсмикалық қауіпсіздігіне аударған. Қаланың күмбезі өте берік, төзімді, жылу өткізбейтін текслоннан жасалса, қала төбесінің бес пайызы ғана ашық қалдырылады. Экологиялық таза қала аталуы себебі, мұндағы көліктердің барлығы электр зарядымен жүретін болады. Жаяу жүргіншілер мен арнайы велосипед жолдарында халыққа такси қызметі қызмет көрсетпек. Бұл қала қалталылар мен атақты адамдардың емес, Қазақстандағы зияткер жастар мен талантты жеткіншектердің, ақын-жазушылардың қаласына айналады деген үміт бар.
Бас жоспарда осы жабық қалаға көршілес «Венеция» деп аталатын шағын аудан орналасады делінген. Қалашықтағы ғимараттар арасына жасанды су арналары тартылып, ескекті қайықтар қатынайды екен.
Тағы бір маңызы жоғары жоба — Қазақстан тарихы мұражайы. Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы, Ж.Нәжімеденов және Ш.Қалдаяқов көшелері арасындағы 10 гектардай алқапты алып жатқан мұражай тоғыз қабаттан тұрмақ. Мұнда экспозиция залдарынан бөлек, зертхана және қалпына келтіру шеберханасы, ғылыми-әкімшілік және қызметтік жайлар, ашық автотұрақтар, мейрамхана, акт залы, кітапхана орын теппек. Қазақстан тарихы мұражайының құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында басталды.
Астанада құрылысы қарқын алған құны 1 млрд долларды құрайтын «Абу-даби плаза» тұрғын үй кешені туралы да айтпай тұра алмаймыз. «Қала ішіндегі қала» атанатын жобаны Елбасының өзі қадағалап отыр. «Абу Даби Плаза» жобасы бойынша нысанның биіктігі 382 метр болатын 88 қабатты құрайды. Аталған кешенде жоғары және орта санаттағы 450 пәтер мен 2 қонақ үй салынады. Астана қаласы әкімдігінің дерегінше, бұл кешеннің нөлдік циклы бойынша құрылыс жұмысы жыл соңында аяқталуы тиіс. Ал нысанның өзі 2014 жылдың аяғына қарай пайдалануға берілуі тиіс. Бұл жобада жалпы ауданы 80 мың шаршыметрден тұратын кеңселік орынжайлардың құрылысы қарастырылған. Оның аумағында 4,5 мың автокөлікке арналған тұрақ болады. Нысанның бірінші кезеңінің құрылысын 2013 жылдың қыркүйегінде тапсырылмақ.
Астана құрылысы қазақ сәулетшілері үшін үлкен мектеп болып отыр. Астана архитектурасы қазақ сәулет өнерін жаңа белеске көтереді. Әлемнің сәулет өнерінің ең озық үлгілері көрініс тапқан Астанамызда ұлттық нақыштарымыз бейнеленген жобалар да аз емес. Көрген сайын көзің тоймай қарайтын қала шынында да арманнан ақиқатқа айналғандай…

06.07.12. «Айқын» газетінен
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана