Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілі – қазақ халқының игілігі, оның архимаңызды рухани және мәдени құндылығы, тұлғаның барлық деңгейлерде қалыптасуына қажетті фактор, басқа тілдерді меңгерудегі базалық тіл, мәдени-тілдік қоғамдастықты дамыту мен көркейтудің кепілі және күшті идентификаторы, ондағы әлеуметтік-адами қатынастарды реттеуші, жалпыадамзаттық және ұлттық білімдер, құндылықтар жүйесінің аккумуляторы және трансформаторы. Ана тілінен тамырын үзген адам – осы байлық пен бағасыз игіліктен айырылған жан. Сондықтан Қазақстандағы үштілділіктің әрбір компонент-тілі осы тілдің басымдығына бағынуға, соған қызмет етуі тиіс. Тіл саясатындағы тек осыдан кейінгі кезектегі, екінші басымдық – Қазақстандағы көптілділік, өйткені қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген ҚР-ның әр азаматы өз білім капиталын айтарлықтай еселей алады, олай болса оның бәсекеге қабілеттілігі жоғары және мүмкіндіктері артық болмақ.
Жалпы, осы мәселе төңірегінде неліктен Қазақстан үшін қазақ-орыс-ағылшын тілдер-компоненттерден құралған үштілділік ресми түрде тиімді танылып отыр, осының себептері қандай деген сұрақтардың жауабын елдің қазіргі геосаяси жағдайынан, жүріп өткен тарихи жолының қазіргі кездегі іздерінен, айналасындағы көршілес елдермен құрмаласудағы (интеграция) ұстанатын саяси басымдықтарынан іздеу орынды. Қайсыбір елдегі тіл саясатындағы басымдықтарды анықтауға оның ішкі үдерістерімен бірге сыртқы түрткі жайттардың да ерекше ықпал ететіні сөзсіз. Олай болса, қазіргі кезде Қазақстанның әлемдік сахнадағы орны «посткеңестік кеңістік» атты геосаяси орта болып отыр. Сондықтан оған осы ортаның субъектісі ретінде посткеңестік кеңістікке қатысты барлық үрдістер мен үдерістер де тән. Сарапшылар мен мамандардың талдауларына қарағанда, бұл кеңістікте қазіргі кезде кеңестік кезеңдегі «этнос тілі – орыс тілі» қостілділігінің орнына «қазақ тілі және ағылшын тілі» қостілділігіне басымдық берілген. Мұндай тілдік саясат мемлекеттік деңгейде, әсіресе, Балтық елдері, Украина, Грузияда айқын қолдауға ие болып отыр. Әрине, бұл елдерде орыс тілінің қолданысы мүлде тарылды деуге келмейді, дегенмен Литва, Латвия және Эстонияда мемлекеттік деңгейде орыс тілінің ресми функциялары жоқ. Осыған ұқсас жағдай басқа посткеңестік мемлекеттерге де тән. Алайда мәселені зерттеген мамандар орыс тілінің қызметінің тарылуы осы елдердің бірінің дамуына айтарлықтай зиян тигізбей жатса, екіншілерінің дамуына нұқсан келтіріп жатқанын көрсетеді. Мысалы, Балтық жағалауы елдерінде қашанда мемлекет басқару, шаруашылықты ұйымдастыру ісінде, ғылым-білім және т.б. қоғамдық өмірдің негізгі салаларында үлгі модель Батыс Еуропа елдері болатын. Тіпті олар КСРО құрамына да Орта Азия елдерімен салыстырғанда кешірек, екінші дүниежүзілік соғыстың алдында кірді. Сөйтіп, сол кездің өзінде тәуелсіздік тәжірибесін басынан өткеріп, тәуелсіз сананың, тәуелсіз мәдениеттің қалыптасуына тарихтан мүмкіндік алған бұл елдер өз «менін» КСРО кезіндегі тоталитарлық мәдениетке, тоталитарлық санаға қарсы қоя алды. Ал тоталитарлық Кеңестік Одақ орталығының Орта Азия елдеріне, Қазақстанға деген қатынасы ерекше қатал болды, соның салдарынан бұл елдер сол кезде орыс мәдениетіне өз ұлттық мәдениетін (тілін) батыл қарсы қоя алуға мүмкіндік ала алмады.
Осы себептерге байланысты аталған посткеңестік елдерде Кеңес үкіметі құлаған соң тәуелсіз ұлттық сананың қалыптасу үдерісі Қазақстанмен салыстырғанда жедел жүрді, мұның барлығы да сол елдердегі орыс тілінің позициясына өз әсерін тигізді. Қазіргі кезде, мәселен, Балтық елдерінде орыс тілі тек орыс ұлтымен қарым-қатынас орнату тілі қызметін атқарады. Ал Қазақстанда орыс тілінің позициясы жоғары: ол Конституцияда бекітілген мемлекеттік тілмен қатар ресми жағдайда қолданылатын тіл ретінде көрсетілген.
Кавказ елдері, оның ішінде Грузиядағы мемлекеттік және ағылшын тілдері негізіндегі екітілділікке басымдық беру бұл елде сыртқы саясаттың Батысқа бағдарланғандығымен тығыз байланысты. Осымен байланысты Грузияда қазіргі кезде орыс тілінің позициясы төмендеп кетті.
Сондай-ақ сарапшылар посткеңестік кеңістіктегі Орта Азия елдерінің ішінде қостілді модельге бағдар алғандардың бірі Өзбекстандағы жағдай жоғарыдағы елдермен салыстырғанда қоғам дамуы үшін айтарлықтай тиімді болып отырған жоқ деп бағалайды. Себебі мұндағы орыс тілінің орнына ұсынылған ағылшын тілі елде әлі күшті позицияларды алған жоқ. Ағылшын тілін халықтың мүлде аз бөлігі және белгілі бір мамандық иелері ғана білетіндіктен, өзбек қоғамы монотілділікке ойысқан десе де болады. Ал бұндай біртілді қоғам жаһанданудың заманында аморфты келеді, сырттан келген ақпараттар легін игеру мүмкіндігі шектеулі болады. Міне, осындай қауіптерді ескергенде, қазіргі таңда посткеңестік кеңістіктің субъектісі ретінде Қазақстан үшін таңдалған «қазақ тілі – орыс тілі – ағылшын тілі» үштілділік моделі сыртқы саясат бағдарына, ішкі жағдайға мейлінше жауап бере алатындай болып отыр. Мұндағы ішкі жағдай дегенде Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі орыс тілінің әлі де мықты позициясын, сонымен бірге ағылшын тілінен келген ақпараттың 80-90 пайызының қазақ тіліне аударылуына аралық тіл қызметін атқарып отырған рөлін ескеру қажет. Себебі елдегі қалыптасып отырған жағдайда ағылшын тілді азаматтар санының әлі де ақпараттық кеңістікті игерудегі жеткіліксіздігі, сонымен бірге тікелей мемлекеттік тілден ағылшын тіліне аударатын, оқытатын құралдардың тапшылығымен байланысты орыс тіліне арқа сүйеу күшті. Бұған қоса Қазақстандағы тілдік саясатта үштік модельге басымдық беруге өз демократиялық даму жолында Ресейге көп бағдарланғандығымен байланысты саяси фактор да себеп болды. Екінші жағынан, Қазақстандағы орыс ұлтының әлі де болса өз мәртебесін сақтап қалуға деген құлшынысын және мұны Ресейдің белсенді қолдауын да назардан сырт қалдырмаған жөн.
Дегенмен, соңғы жылдары жүргізілген жан-жақты сараптау нәижелері Қазақстанның да осы кеңістіктегі субъекті елдерде айқын байқалған үрдіс: «қазақ тілі және ағылшын тілі» қостілділік моделінің басымдық алуы жолында келетінін көрсетеді. Бұл үрдіс айқын әрі алдағы уақытта қарқын ала түсетінін елдегі тәуелсіз әлеуметтанушылық зерттеу нәтижелері де көрсетіп отыр. Бір қызығы, мұндай үрдістің дамып келе жатқанын арнайы осы мәселеге ғана емес, басқа мәселелерге арналған зерттеулер де аңғартып отыр. Мәселен, BISAM орталығының 2010 жылғы Қазақстандағы ЖОО сапасына арналған зерттеу нәтижелерінде қазіргі жастар, әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттер қауымы арасында «қазақ тілі және ағылшын тілі» екітілділігінің өте кең таралғанын және оның үдей түспесе, алдағы уақытта бәсеңдемейтіні көрсетілді. Демек орыс тілінің елдегі қазіргі позициялары ешбір арнайы шаралар салдарынан емес, қалыптасып отырған қоғам талғамымен байланысты өзгеріп, әлсіреу үрдісі анық. Бұған қоса, сарапшылардың пікірінше, жалпы орыс ұлтының демографиялық дағдарысы да оның Қазақстандағы диаспорасының санына әсерін тигізбей жатқан жоқ, себебі соңғы санақ елдегі орыс этносының жағдайы, орыс тілінің позициясы айтарлықтай әлсіремесе де, саны азайып отырғанын көрсетті. Басқаша айтқанда, Ресейге көшпей, Қазақстанда қалған орыс этносы өкілдері ішінде демографиялық ахуал жаппай дағдарыс үрдісіне шалдығып отырғаны байқалады.
Сондықтан зерттеушілер, Қазақстанда алдағы уақытта қазақтану үрдісі арта түсетіні, ал орыстану үрдісінің бәсеңдей беретінін анықтап отыр. Олай болса, мемлекеттің тіл саясатында бүгінгі күні басымдық беріліп отырған үштілділік моделі өз эволюциясында екітілділікке келетіні туралы болжамның негізі бар.
Сонымен бірге әлеуметтік аспектіде жаһанданудың табиғатымен байланысты мынадай маңызды мәселеге назар аудару қажет. Жаһандану – елдердің экономикасын, саясатын, қаржылық жүйесін, мәдениетін жаппай унификацияға ұшырататын капитализмнің дамуының бір кезеңі. Капитализмнің жаһандық нарық, жаһандық корпорациялар тудырған шағынан бастап мәдениет те шалдығады, яғни жаһандық нарықтың элементіне айналады. Жаһандық нарық субъектісінің экономикалық қуатына қарай оның мәдениеті де басымдық алады. Мәселен, әлемдегі экономикасы мықты болған соң, Батыс елдерінің мәдениеті жаһандық сипат алып келетіні белгілі. Ал посткеңестік кеңістікте осы себепті ресейлік мәдениет мұндай басым рөлге ие болып отыр. Демек, қазіргі Қазақстан ұстанған үштілділік моделі компоненттерінің біріне жаһандық мәдениет тілі, екіншісіне аймақтық мәдениет тілі алынып, олар тәуелсіздігін жаңа алған, тоталитарлық бодаудан бостан болған экономикасы өз аумағынан тысқарыда әлі берік орнықпаған ұлттың мемлекеттік тілімен бір жүйеде дамымақшы болып отыр. Мұндағы ағылшын тілінің де, орыс тілінің де қазақ тілімен салыстырғанда ұпайы түгел. Қазақ тілінің екі жаһандық тілдің әсерімен жұтылып кету қаупін ескеру, оның алдын алу мемлекеттің болашағы үшін аса маңызды.
Сондықтан қазақтану үдерісінің эволюциялық жолдан ауытқып кетпеуіне ерекше мән беру керек. Сөз жоқ, қазақтану үдерісі жүріп жатыр. Мемлекет елдің барлық азаматтарының мүддесін қорғаушы, олардың мүдделерінің кепілі ретінде тыныштық пен ұлтаралық келісім тұрғысынан қазақтану үдерісінің ауыртпалықсыз, баяу, бірақ нық, біртіндеп әрі жан-жақты, барлық азаматтар мүдделеріне барынша үйлесімді өтуін қадағалап отыр. Сондықтан осы балансты сақтау аса қажет және қазақтанудың эволюциялық жолмен өтуі елдегі тілдік жағдаяттың ешбір қақтығыс, шиеленіссіз сенімді түрде мемлекеттік тілдің пайдасына қарай өзгеруіне әкелуі тиіс.
Жекелеген этностардың жаһандық бұқаралық мәдениетке өзінің бет бейнесін, терең тамыры мен рухани қуатын көрсететін ұлттық мәдениетін қарсы қою ұмтылысы ел-елде этносимволизмдердің қалыптасуына жол ашты. Ал этносимволизмнің негізгі элементі – тіл. Бүгінгі күні посткеңестік кеңістіктегі барлық тәуелсіз мемлекеттерде ұлттық және отарлық-тоталитарлық этносимволизмдер арасында күрес жүріп жатқаны анық аңғарылады. Соңғысына отарлаушы империяның мұрагері ретіндегі Ресейдің кейбір күштері белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетуге мүдделі болып та жататыны жасырын емес. Қазір Қазақстанда да әртүрлі этномәдени символизмдер арасында күрес жүріп жатыр. Мәселен, ұлтшылдар қазақ этномәдени символизміне басымдық береді. Елдегі орыс этносының өкілдері кеңестік кезеңдегі өз мәртебесін сақтап қалуға әбден тырысып отыр. Кез келген мемлекет ұлтшылдықтың жемісі болғанымен, Қазақстан қазақ этномәдени символизмінің негізінде құрылғанымен де, мемлекет елдегі саяси, экономикалық тұрақтылықты сақтау, диаспоралар мүдделерін қорғау, көршілес Ресеймен достық қарым-қатынасты нығайту, елдің инвестициялық ахуалын жақсартуға бағытталған шараларды жүзеге асыру үшін түрлі этносимволизмдер арасындағы келісімді сақтауға бағдарланып отыр. Демек, өкімет баланс қызметін атқарып отыр.
Демек, қазақ және ағылшын екітілділігіне бет алған үрдіс айқын болса, тіл саясатында оның стихиялы жолмен кетпей, ел мүддесі, ұлт мүддесі, ұлттық бірегейлік тұрғысынан реттелуін қадағалау механизмдерін күні бұрыннан ойластырған абзал. Ең алдымен мұнда қазақ тілінің жаһандық тілмен бір кеңістікте бәсекелестік ортаға түсетінін ескеріп, қазірден бастап мемлекеттік тілдің әлеуетін, қоғамдық беделін арттырып, позицияларын күшейту, осы мақсатта аралық тіл ретінде орыс тілін тиімді пайдалану шараларын жүйелі түрде жүзеге асыру, ағылшын тілінің Қазақстандағы қолданыс аясы мен қызметтерін анық белгілеп, тиісті шегінен асырмай қолдануды қолға алу аса қажет.
Рүстем ҚАДЫРЖАНОВ,
философия ғылымдарының
докторы, профессор
Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
филология ғылымдарының кандидаты
14-Маусым, 2012 «Ана тілі» газетінен