Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Ең басты жеңісіміз – мемлекеттік тіл

30 Маусым 2012 | 5:45


Қазақстан дипломаттары үшін биылғы кәсіби мерекенің өзіндік ерекшелігі бар. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің Сыртқы істер министрлігінің құрылғанына 20 жыл толуына тұспа-тұс келеді. 1992 жылғы 2 шілдеде Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен құрылған Сыртқы істер министрлігі осынау тарихи қысқа мерзімнің ішінде Қазақстанның сындарлы сыртқы саясатын тиімді жүзеге асырып, халықаралық ынтымақтастықты жан-жақты дамытып, әлем мемлекеттерімен арадағы өзара қарым-қатынастың берік те сенімді жүйесін құрды. Кеше Елбасымыз дипломаттарды мерекемен құттықтады.
Атаулы мерекеге орай белгілі қаламгер Серікқали БАЙМЕНШЕ газет тапсырмасымен Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат САРЫБАЙҒА жолығып, бірқатар сауалдар қойған еді.
– Құрметті Қайрат Шораұлы, қолайлы сыртқы жағдайдың орнығуы елдің тұрақты дамуына айтарлықтай дәрежеде әсер ететіні аян. Бұл қолайлылықты қалыптастыруға алдымен атсалысатын дипломаттар екені белгілі.

– Елбасымыздың «Дипломаттың миссиясы құрметті де жауапты» деген сөзі бар. Қысқа да болса нұсқа айтылған осы тұжырым төңірегі¬нен туындатсақ, белсенді сыртқы саясаты арқа¬сында Қазақстан халықаралық аренада сапалық тұрғыда жаңа деңгейге көтерілді. Еліміз әлемдік қоғамдастықтың беделді де байсалды, жауапты да мүдделі мүшесіне айналды. Бүгінгі Қазақ¬стан қазіргі заманғы әлемдік түзілістің барлық өңірлік және жаһандық проблемасын шешуге тең құқылы қатысуда. Мемлекетіміздің халықаралық аренадағы биік беделінің айғағы ретінде соңғы жылдары ғана аса маңызды, іргелі халықаралық ұйымдарға төраға болғанын мақтанышпен айтуға болады. Сондай-ақ, еліміз соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішінде жаһандық қарусыздану мен ядролық қаруды таратпау саласындағы шын мәнінде әлем таныған көшбасшыға айналды. Сан алуан мәдениеттің, әртүрлі дін мен өркениеттің өзара үнқатысуы¬ның үйлестірушісі де Қазақстан болып отыр. Елбасымыздың басшылығымен Қазақстан дип¬ломатиясы қол жеткізген стратегиялық мақ¬саттар алдағы уақытта да ұлттық мүдделерімізді халықаралық деңгейде одан әрі ілгерілетуге, жаңа Қазақстанды әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан түбегейлі жаңғыртуға байсалды негіз қалайды.
Таң қалып айтсақ та, тамсанып айтсақ та, өткен 20 жыл ішінде көп жұмыс істелді, бұған дау жоқ. Бірақ алдымызда тұрған міндеттер әлі де аз емес. Бұл жаңа міндеттер Қазақстан Президентінің үстіміздегі жылғы сәуір айында өткен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде алға қойған тапсырмаларынан туындайды.
– Сыртқы істер министрлігі – сырт көз бірден түсетін айна іспетті орган. Былайғы жұрт «халықаралық» деген атауы бар нәрсенің бәрін министрлікпен байланыстыра қарайды. Соның бірі – мемлекеттік тілдің жайы. Көпшілікті осы 20 жыл ішінде қазақ тілі халықаралық дәрежеге көтерілді ме, дип¬ломатия тілі бола алды ма деген сауал алаңдатады. Бұл жөнінде не айтар едіңіз?
– Қазақстан Республикасы Президентінің «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы туралы» Жарлығын жүзеге асыру мақсатында 2008 жылғы 14 қарашада Сыртқы істер министрінің арнайы бұйрығы шықты. Осыған сәйкес министрлікте 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап іс жүргізу толық мем-лекеттік тілге көшірілді. Қазір министрлік¬тің құрылымдық бөлімшелерінің және шетелдердегі мекеме¬лерінің барлық ішкі құжаты тек қана мем-лекеттік тілде жазылады. «Дип¬ломатиялық қыз¬мет туралы» заңға сәйкес дип¬ломатиялық қызметкер мемлекеттік тіл мен орыс тілін еркін меңгеруге тиіс. Бүгінде дипломаттар кез келген құжаттың, күллі хат-хабардың мемлекеттік тілде жазылуы міндетті екенін толық сезініп болды әрі солай істеп те отыр. «Ауызекі сөйлеу тілі – адам организмінің құрамдас бөлігі» деген сөз бар. Бұл да тілдің қолданыс аясын кеңейтудің бір сатысы. Әрі ана тілді толық меңгеру алдымен дұрыс сөйлесе білуден басталады дегенді аңғартады. Әртүрлі жиналыстарды қазақ тілінде өткізу арқылы осы бағытта да белгілі бір нәтижелерге қол жеткізіп келеміз.
Сондай-ақ, барлық нота, соның ішінде ха¬лық¬аралық шарттарды жасасу, өзгерту, тоқтату және тоқтата тұру мәселелері жөніндегі ноталар қазақ тілінде әзірленеді, қажет болған жағдайда басқа тілге аударылады. Ал шетелдерде орналасқан, Қазақстан Республикасы мүше болып табылатын халықаралық ұйымдарға жібері¬летін ноталарды, әрине, аталған ұйымдардың ресми немесе жұмыс тілінде әзірлейміз. Осы орайда мемлекеттік протокол қызметі нота алмасудың халықаралық тәжірибесін тыңғы¬лық¬ты зерделеп, талдау жасағанын айта өткен жөн. Қазір, сонымен бірге, шетелдердің елі¬мізде аккредиттелген дипломатиялық мекеме¬лері мен халықаралық ұйымдардың өкілдікте¬ріне бізге жолданатын кез келген нотаны қазақ тіліндегі аудармасымен қоса жіберу жөнінде талап қойып отырмыз.
Әрине, өзгеге бұлайша талап қою, ең алдымен өзіңе талап қоюдан басталуға тиіс. Минис-трлік қызметкерлерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін анықтау мақсатында Білім және ғылым министрлігінің Ұлттық тестілеу орталығының көмегімен Қазтест жүйесі бойынша мемлекеттік тіл сынақтамасы өткізіліп келеді. 2011 жылғы қарашада өткен сынақтама¬ның қорытындысы бойынша жоғары және ортадан жоғары деңгейлерге қол жеткізген қызмет¬керлер үшін 5 жыл сайын, орта деңгей үшін 3 жыл сайын, ал базалық және қарапайым деңгейлер үшін жыл сайын сынақтама өткізу белгіленді. Осы сынақтамада базалық және қарапайым деңгейге ие болған қызметкерлер үшін 2012 жылғы қазан айында кезекті мем¬лекеттік тіл сынақтамасы ұйымдастырылады. Олардың өз білім дәрежелерін көтеруіне толық мүмкіндігі бар. Бұл үшін министрлікте қолайлы жағдай жасалған: тіл кабинеті жұмыс істейді, қазақ тілін меңгеру деңгейін арттыру курсы ұйымдастырылған.
Сыртқы ротация бойынша шетелдік мекемелерден оралған қызметкерлер жұмысқа шыққан¬нан кейін бір айдың ішінде мемлекеттік тілді білу деңгейі бойынша қайта сынақтамадан өтеді. Сонымен бірге, лауазымға тағайындау немесе дипломатиялық дәреже беру кезінде қызметкердің шет тілдермен қатар, мемлекеттік тілді білу деңгейі ескеріледі. Тіл білуге нақты ынталандырудың бұдан басқа да әсерлі жолдары қалыптастырылуда.
Мемлекеттік тіл мәселесіне арналған соңғы жиналыста Халықаралық ақпарат комитетіне ерекше тапсырмалар жөніндегі елшілердің, құрылымдық бөлімшелер басшыларының қазақ тілді бұқаралық ақпарат құралдарына сыртқы саясаттағы өзекті мәселелер жөнінде мақалалар жариялау, сұхбаттар беру, қазақ тіліндегі бағдар¬ламаларға қатысу мүмкіндігін пысықтауға тапсырма берілді. Сондай-ақ, СІМ веб-сайтында қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі ақпаратты бір мезгілде жариялау, мемлекеттік тілдегі ақпа¬раттың мазмұндық сапасын арттыру тапсырылды.
Жалпы, Елбасымыздың көшбасшылық қабі¬летінің арқасында қазақ тілін мемлекеттік дәре-жеге жеткізу бағытында теңдессіз іс-шаралар жүзеге асырылғанын айшықтап айтуымыз керек. Қазір бүкіл мемлекеттік органда іс қазақ тілінде жүргізіледі. Бұрын қазақша сөйлеу шеттеңкіреп қалған дипломатия саласына да қазақ сөзі алшаң басып кірді. Кеңес империясы дәуірінде төрдегі басы босағада қалған баба тілімізбен сыртқы қатынастардың барлық иірі¬мін реттеуге болатынына көз жетті. Тәуел¬сіздік дипломатиясының ең басты жеңісі де осы шығар!
Біздіңше, еліміздің жоғары оқу орындары жалпы жағдайды ескеріп, бұдан былай қазақ тілін жетік білетін мамандар даярлауға бет бұрғаны абзал болар еді. Әйтпесе, түлектері мемлекеттік тілді меңгермеген оқу орындары¬ның деңгейі төмендей беретіні сөзсіз. Қазір әлемнің түпкір-түпкіріндегі елшілеріміз Қазақ¬станның шетелдердегі мекемелеріне қазақ тілін жетік білетін мамандарды жіберуді, сондай-ақ министрлікке қазақ тілін жақсы білетін түлек¬терді ғана қабылдау жөнінде үздіксіз ұсыныстар жасауда.
Анығында тілдің мәселесі қоғам болып қолға алғанда ғана оңтайлы шешіледі. Тілді көркейтетін де, дамытатын да шенеуніктер емес. Әрине, олардың қоғамда атқаратын өзін-дік рөлі бар. Алайда, тілдің дамуының барлық мүмкіндігі қоғамда. Ал мұны қоғам қалай жүзеге асырады десек, мәселені төменнен бас¬тау керек. Мысалы, лингвистика саласындағы бүкіл зерттеулер адам тілінің, фонетикалық артикуляцияның 4-5 жаста қалыптаса бастайтынын айтады. Егер біз осыны қалыптастырмасақ, жоғары оқу орындарында қаншама оқытсақ та, көздегендегідей мақсатқа жетуіміз қиын. Сон¬дық¬тан, әрбір ұлттық тілдің, соның ішінде бар¬лық ұлттарға ортақ мемлекеттік тілдің қалып¬та¬суын бала кезден бастауымыз керек деп есептеймін.
– Осыған байланысты туындайтын бір мәселе – «мемлекеттік органдарда аудармадан қол үзуге әлі ерте» деген көзқарас бар. Аударманың ана тіліміз емес екендігіне қазір көпшіліктің көзі жеткен сияқты.
– Мекемедегі құжаттың алдымен орыс тілінде дайындалып, содан кейін қазақ тіліне аударылатын тәжірибесі бар, кездеседі, оны айтпай кетуге болмайды. Сондықтан, түпнұсқа мен аударма арасында айырмашылықтың болуы да – заңды құбылыс. Тегінде, аударманың жетегіне еріп, тілді ешқашан ұшпаққа шығара алмаймыз. Кейбір шенеуніктер құжаттың орыс тіліндегі нұсқасын ғана қарап, қазақ тіліндегі құжатты қарау өз міндетіне кірмейтіндей көреді. Құжаттың қазақ тілінде дайындалуына қатысты жауапкершілікті аудармашылар мен тіл мамандарына жүктегенді жөн санайды. Әрине, мұндай көзқарастың жаңсақ екендігі түсінікті. Аударма жұмысы қазақ тілі қолданысын арттырудағы бас¬ты кедергіге айналып отырғаны шындық. Құжат жобасы алдымен қазақша дайындалуға тиіс. Содан кейін тиісті тілдерге аударылса, көптеген күрделі мәселелер туындамас еді. Біз министрлікте құжаттардың бәрі алдымен қазақша әзірленуі керектігін, қажетіне қарай басқа тілге аударылуы мүмкін екендігін қызметкерлеріміздің санасына сіңіре алдық, солай орнықтырып келеміз.
Ойды жинақтай келгенде, Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитеті комиссиясы-ның тіл туралы заң нормаларының сақталуына байланысты соңғы уақытта өткізген жоспарлы тексерісінің нәтижесінде Сыртқы істер минис¬трлігінің мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытындағы жұмысы жоғары бағалан¬ғанын айта өткен артық болмас деп ойлаймын.
– Дипломатияның ұлттық терминологиясын қалыптастыру да үлкен мәселе екендігі белгілі. Бұл ретте ғасырлар бойы қа¬лыптасқан халықаралық терминдерді айналып өту мүмкін емес. Соған қарамастан, соңғы жиырма жыл ішінде өз тіліміздің табиғатына сай жаңа сөзжасам үрдісі пайда болды. Салалық тіл қолданыстарына, яки дипломатия саласындағы термин түзу ісіне қатысты не айтар едіңіз?
– Бұл өте күрделі мәселе. Тереңірек қарасақ, терминнің теріс қолданылуы халықаралық абыройымызға да нұқсан келтіруі әбден мүмкін нәрсе. Сондықтан, бұл тіл қолданысындағы әрі нәзік, әрі осал сала болып отырғанын жасыруға болмайды. Сонда терминді қайдан аламыз? Тілден аламыз ба, әлде ойдан аламыз ба?
Өзіңіз қараңыз, мемлекеттік тілдегі құжатта бір сөз бірнеше нұсқада кездеседі. Бір сөздікте «екіжақты» деп бірге жазылса, заңдарда «екі жақты» деп бөлек жазылуы кездеседі. Сондай-ақ, «тарапы» дегенді кейбір газеттер мен мекемелер «тарабы» деп қолданған жөн деп санайды.
Меніңше, әсіресе, дипломатиялық термин¬дерді сол күйінде қабылдаған дұрыс, оны қазақша орайлы баламасы табылған жағдайда ғана мемлекеттік тілдің майданына қосқан жөн. Ал ең дұрысы – салалық терминдерді минис¬трліктер мен ведомстволардың ұсыныстары негізінде Терминком бекіткеннен кейін ғана пайдалану.
Бірақ терминнің этимологиясы мен анато¬мия¬сына кәсіби көзбен қарайтын болсақ, Терминком бекіткен туындыларға да қарсылық тууы мүмкін. Жанды құбылыс болғандықтан, бұл тіл табиғатына тән нәрсе. Бекітілген терминнің өзі сіңіспей, тіл көшіне ілесе алмай қалады. Сол себепті кез келген бекітілетін термин алдын ала сан рет сараптаудан өткені, ең бастысы сол сала мамандарының терең сүзгісіне түскені дұрыс.
Қазақша термин қалыптастыруда туысқан түркі тілдес халықтардың тәжірибесіне көбірек жүгіну қажет сияқты. Кезінде түрік ағайын¬дардың тәжірибесі негізінде жасалған «ұшақ», «тұрақ» сияқты сөздер жүйелі қолданыс тапты емес пе? Алдағы уақыттарда да сөзжасам барысында осындай қисынды тәсілдерге назар аударған орынды болар еді деп ойлаймын.
Сонымен бірге, ұлы ағартушы Ахмет Байтұрсынов айтқандай, жаңа сөзжасамды ана тіліміздің өз қойнауынан іздестіруіміз керек. Сәтті баламасы табылып жатса, бұл сөзді сөз тіркестерімен байланыстырып, әрі қарай дамытуға тырысу керек. Терминнің мағынасы біреу болуға тиіс, ол көп нұсқалы не біржолғы пайдалануда бола алмайды. Көп варианттылық көркем әдебиет пен публицистикаға үйлессе де, терминге үйлеспейді. Бір сөздің шығармашы¬лық қызметте бұлайша түрлі үлгіде қолданылуы оны термин тұлғасында көрсетпейді, атау түрінде ғана танытады. Айталық, «аэропортты» «әуежай» деп алдық. Қисын бойынша, ол енді «аэро»-дан басталатын сөздерге, сөз тіркес¬теріне қосылып, бәрі де «әуе»-нің төңірегінен шығарылуға тиіс еді (шартты түрде айтсақ, аэродинамика, аэронавигация… т.б. деген сияқты). Алайда, олай болмады. Тілімізден осы тақылет¬тес басқа да мысалдарды кездестіруге болады. Міне, бұл бүгінгі термин жасау ісінде бірыңғай жүйенің болмай отырғанын көрсетеді. Алдағы уақытта осы қағидалық шарттың сақталуына қол жеткізуіміз керек.
Сыртқы істер министрлігі халықаралық қатынастар саласындағы терминдерді бір ізге түсіру, негізгі халықаралық ұйымдардың, шет мемлекеттердің атауын дұрыс жазу нормасын қалыптастыру бағытында өз тарапынан белгілі бір жұмыстарды жүйелі жүргізіп келеді. Соңғы жылдары екі мәрте қазақша-орысша және орысша-қазақша анықтамалық-сөздік шығар¬дық. Қазір бірінші рет үш тілдегі (қазақ-орыс-ағылшын және орыс-қазақ-ағылшын) диплома¬тиялық сөздіктер әзірленуде, оларды жыл аяғына қарай басып шығаруды жобалап отырмыз. Кейінгі жоспарда ағылшын-қазақ-орыс тілдеріндегі дипломатиялық сөздік тұр.
«Келісіп пішкен тон келте болмас» дегендей, жаңа сөздік жобасын өткен жылы Абылайхан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, «Астана университетінің» терминолог мамандарының қатысуымен алдын ала сараптамадан өткіздік. Сондай-ақ, таяуда ғана аталған жоба Астанада Президент Әкімшілігінің, Парламент Сенаты мен Мәжілісі аппараттарының, Әділет минис-трлігі Заң шығару институтының Лингвистика-лық орталығының жауапты қызметкерлері, ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орында-рының тілші ғалымдары, Мемлекеттік терминология комиссиясы мүшелерінің, дипломаттар¬дың қатысуымен дөңгелек үстел отырысында тағы да талқыланды. Қатысушылар бұл үш тілде әзірленген дипломатиялық сөздіктің мемлекеттік тілдің халықаралық саладағы қолданылу аясын арттыру бағытындағы жаңа қадам екендігін, сыртқы саяси терминдер мен кәсіби сөздердің одан әрі орнығуына елеулі әсер ететін пайдалы әрі көмекшілік сипатын атап көрсетті.
Сөздікті әзірлеу барысында шетелдердегі елшіліктерден болу елінің атаулары, астаналары, қалалары, т.б. туралы деректер жиналды және осыған байланысты көптеген ұсыныстар түсті. Мысалы, Венгриядағы елшілік ел атауы 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап «Мадьярорсаг» атанғанын, соған орай қазақ тілінің ерекше¬лігіне байланысты оны «Мажарстан» деп қол¬дануды ұсынады. «Черногория» деген орыс тілінен енген ел атауын халықаралық қолданыс¬қа сай «Монтенегро» деп ауыстыру жайында пікір түсті. Ал «Әзербайжанды» «Әзірбайжан» деп, өз ыңғайымызға салып жазатын жалғыз ел біз екенбіз. Сол сияқты Австрияны «Аустрия» («Еуропа» деген сияқты), Катарды «Қатар», Ливияны «Либия», Стамбулды «Ыстамбұл», Кишиневті «Кишинеу» деп жазу жөнінде түскен ұсыныстардың негізі аталған сөздердің халық¬аралық деңгейдегі және жергілікті тілдегі қолданылу мағыналарын ескеруден туған. Бұл сапқа «Шам», «Мысыр» атаулары да қосылуы мүмкін. Алдағы уақытта осының бәрін жинақ¬тап, тағы да саралап, Терминком арқылы бекі¬тіп, тіл қолданысына қосу жайы ойластырылуда.
Сайып келгенде, қастерлі тіліміздің мәртебесін арттыру – барша қазақ баласының міндеті. Дипломатия терминдерін орнықтырып, бір ізге түсіру арқылы біз де соған перзенттік үлесімізді қосқымыз келеді.
– Енді көп сөз болып жүрген халық¬аралық шарттар мен келісімдердің мемле¬кет¬тік тілдегі мәтініне қатысты мәселені айқындап өтсеңіз?
– Парламент депутаттары халықаралық шарттардың мемлекеттік тілдегі мәтініне елеулі сын айтып, мәтіндердің тең түпнұсқалылығын қамтамасыз етудің нақты шараларын қолға алу қажеттігі жөнінде маңызды мәселе көтеріп жүргені көпшілікке жақсы мәлім. Сыртқы істер министрі Е.Х.Қазыхановтың қатысуымен Парламент Мәжілісінде өткен биылғы Үкімет сағатында да халықаралық шарттар жобасының мемлекеттік тілдегі мәтініне байланысты сөз қозғалды. Бұл ретте Сыртқы істер минис¬трлігінің функциясы, бірінші кезекте, халық¬аралық шарттың сыртқы саяси тұрғыдан алғандағы қажеттілігін айқындаумен және оның Қазақстанның бұрын қабылдаған халықаралық міндеттемелеріне сәйкес келуін құқықтық сараптаумен ғана байланысты екендігін атап көрсетуіміз керек. Өйткені, «Қазақстан Респуб¬ликасының халықаралық шарттары туралы» Заңға сәйкес халықаралық шарттардың қай тілдегі болсын мәтінінің дұрыстығына тиісті жобаны әзірлейтін мемлекеттік орган жауап береді. Жоғарыда сөз болғанындай, «халық¬аралық» деген атауына қарап, бұл үшін Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасауға болмайды.
Соған қарамастан, біз халықаралық шарт¬тардың мемлекеттік тілдегі мәтінінің сапалы болуы ана тіліміздің абыройы екенін, бәрімізге ортақ іс екенін жақсы түсінеміз. Үкімет саға¬тының нәтижелері бойынша берілген ұсыныс¬тарға сәйкес, Сыртқы істер министрлігі халық¬аралық шарттардың мемлекеттік тілдегі мәтінін әзірлеу сапасына өз тарапынан ықпал етудің мүмкін болатын шараларын ойластыруда. Яғни, халықаралық шарттар мен келісімдердің жобасы министрлікке алдын ала келісу үшін түскен кезде, бұлардың мемлекеттік тілдегі мәтініне қосымша сараптама жасасақ деген ойымыз бар. Осы істі тиісті келісімнің не шарттың жобасы келісуге ұсынылатын басқа министрліктер де жалғастырса, бұл мемлекеттік тіліміздің мәр¬тебесін өсіру бағытындағы бір қадам болар еді.
Қорыта келгенде, ұлттық дипломатиямыз¬дың жан-жақты толысқан бүгінгі тынысы өткен 20 жылдың шын мәнінде қайталанбас тарихи кезең болғанына көз жеткізеді. Осы жылдар ішінде Қазақстан дипломаттары өркениеті өркендеген егемен еліміздің беделді бейнесін, бейбітшілік сүйгіш жаңа бастамаларын бүкіл әлемге кеңінен танытып, туған Отанымыздың әлем төріндегі тұғырлы тұлғасын биіктетуге айтулы үлес қосты. Тәуелсіздік дипломатиясының үніне айналған ана тіліміз де осы сапта.
«Егемен Қазақстан» газетінен
30 маусым, 2012