Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Сұлтан ЖАНБОЛАТ, профессор, жазушы: Ұлттың тілі мен жазуы ортақ болмай, біртұтас болуы қиын

6 Сәуір 2012 | 10:42


Қытайда жергілікті қазақтармен әңгімелесе қалғанда, олардан қазақ тіліндегі кейбір өзгешеліктерді байқамау мүмкін емес. Тіпті теледидар, радио хабар жүргізушілері, қазақ зиялы қауым өкілдері де басқаша мақаммен сөйлейтіндей көрінеді. Профессор, жазушы, Шыңжаң университетінің бұрынғы проректоры, «Үлес» сыйлығы (ҚХР) мен «Достық» орденінің (ҚР) иегері Сұлтан Жанболат әлем қазақтарының тілінде диалектілер пайда бола бастағанын және бұл ұлттың тұтастығы үшін аса қауіпті екенін айтады.
ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫНДА «ШАЛА МОЛДАЛАР» ДИАЛЕКТ ЖАСАП ЖҮР
— Қытайға барғанда жергілікті қазақтардың кейбір сөздерін түсінбей қаламыз. Тіпті бір сөздің екі түрлі мағынада қолданылуына байланысты әзіл-қалжың да көп. Бұл қалыпты құбылыс па, әлде мәдени алшақтықтан хабар бере ме?

— Ғасырға жуық екі елде, екі жүйеде, бір-біріне ұқсамайтын екі ұлт билеген мемлекетте, екі түрлі идеологияда жүрген бір қазақ ұлтының екі бөлігінде мәдени деңгейдегі парықтың болуы таңырқарлық емес. Дегенмен жаңа заманғы тілдегі жаңа парық адамды қатты алаңдатады. Әсілі қазақ тілінде диалект ауыр деуге келмейді. Қай жерде тұрса да, қазақ бір-бірін бұрын жақсы ұғынатын. Бірақ қазір қазақ тілінде диалект пайда болып қана қоймай, ұлғайып барады және ол өзге ұлт азаматтарының қазақ тілін үйренуіне қолайсыздық әкелуде. Осыдан барып өзің сезген мәселелер бой көтеруде.
Қазақстан мен қазақ диаспоралары арасында атау, терминдегі алшақтық ұлғаюда. Мысалы, Қазақстанда бір ғасыр бойы «дәрігер» сөзі қолданылып келді және ол Қытай қазақтарына да әбден сіңді. Ал соңғы жылдардан бері Қытайдағы қазақтардың тілмен айналысып жүргендерінің бір тобы «шипагер» деген атауға қызыға қалды. Олар «500 жыл бұрынғы Өтейбойдақтың «Шипагерлік баян» деген кітабында «шипагер» деген сөз қолданылыпты. Міне, бұл нағыз қазақ сөзі» дегенге негізделді. Бұл атауды ШҰАР Тілком арқылы бекіттіріп те жіберді. «Шипагерлік баян» туралы айтпай-ақ қоялық. Ал мен бұл сөзді жатырқап тұрған жоқпын. Екеуі де парсы тілінен келген, қазаққа таныс және мағынасы бір атаулар. Қазақтың төл сөзі емес. Ендігіде, мына жақтағылар — «шипагер», сіздер «дәрігер» дей бересіздер. Бірақ бұл бір ауыз сөзден көрінген беталыс «дами» түссе, біраз уақыт өткеннен кейін екі елдің қазақтары бір объектті әр қилы атап, сөз қолданыстарында айырмашылық туылады, ол көбейсе, диалект пайда болып қана қоймай, ұлғаяды. Мұндай мысал толып жатыр. Меніңше, бұл — диаспорадағы «шала молдалардың» қолдан диалект жасауы.
Қазақстан жақ тәуелсіздік алғалы бері қазақша атау-терминдерді жетілдіруге қатты кірісіп кетті. Алайда бұл жұмысқа диаспорадағы тілгерлерді елеп-ескеріп шақырған жоқ, араластырған жоқ. Нәтижесінде диаспорадағылар Қазақстанда атау-терминнің жай-күйінен хабарсыз қала берді. Қазір мұнда Қазақстан телехабары көрілмейді, радиосы естілмейді, басылымдары келмейді. Интернетпен айналысатындардың дені кириллше жазуды танымайды. Демек, диаспорадағы қазақтар өз үкіметі бекіткен атаулармен немесе бұрыннан дағдыланған терминдерімен (мысалы, «информация» сықылдыларды қолданып) кетіп барады. Әрине, бұл да — диалектті ұлғайту. Сонымен, талай сөздер екі жақтағы қазақтарға өзара бейтаныс атау болып, қатары барған сайын молаюда.
- Информация сөзінің түп төркіні (іnformatіo — түсіндіру, жеткізу) латын тілінен шыққан екен. Жаңа сөздер пайда болғаннан қандай зиян көріп отырсыз?!
— Зиянның көкесі диалектіні көбейту емес пе?! Қытайдағы қазақтарға ШҰАР Тілкомы «информацияны» бекітіп берді. Мұндағылар «хабар», «ақпар» дегендерді орыстың «известия», қытайдың «шяуши» дегенінің баламасы қып қолданады.
Қазір жастар заман ықылымына сай білім қууда, өзгелермен жарысып, бәсекеге түсуі үшін дамығандардың тілін (ағылшын тілі тәрізді басым тілдерді) білуге мәжбүр болуда. Енді олар, нақ осы сөзді «информация» немесе «информейшн» (іnformatіon) деп оқыса да, бұл атау өздеріне таныс сезіледі. Болашақта жастар өзі игеруге мәжбүр өзге тілден алыс тұрған және қолдан жасалған қазақы атауды ауыр жүк секілді сезіне бастайды. Заман солай бет алғанда, біз қазақ тілінің дәстүри де басты лексикасын қарашығымыздай қорғап, ғылым мен техникадағы өзге тілдік атауларға кеңірек болғанымыз жөн еді. Тіліміздің иесі — жас ұрпақ. Терминдегі қиын көрінетін факторлардың көбеюі оларға, сондықтан тіліміздің болашағына пайдасыз.

СӨЗДЕРДІҢ ЖАҚЫНДЫҒЫ ҰЛТТЫҚ ЖАҚЫНДЫҚҚА ӘКЕЛЕДІ
— Осы жерде тағы бір мәселе туындайды: бір терминді аударғанда одан бірнеше атау қатар тарайды. Информацияны, өзіңіз айтқандай, біреу — ақпар десе, екіншісі — ақпарат, үшіншісі — хабар дейді. Бір жолы банкке барсам, «оформление» сөзін үкіметтің бір қаулысын үлгі етіп, «ресімдеу» деп аударыпты. Басқа жерде «рәсімдеу» деп қолданылады. Жаңадан шыққан сөздердің қайсысы дұрыс екенін кім айтады?

— Демек, Қазақстанның өзінде диалект пайда болуда. Жаңадан жасалған сөздердің дұрыстығын уақыт айтады, халық айтады. Бірақ оны асығыс бекітіп жіберсе, былығу туылады. Ұлт тілі мәртебесінің көтерілуіне бөгет шығады. Бір ұлттың ішіндегі осындай жағдай — оның ана тіліне өте зор зиян. Бұл тілде бірлік жоқ екенін байқатады. Ал атау, терминде бірлік болмаса, айналып келгенде, тілдің мәртебесі жоғарылай алмайды, қайта тілімізді кемсітетін жауларымыздың қолына құрал ұстатады. Енді қайту керек?! Қазақтың тілі келмейтін тіл жоқ, атау тіпті жоқ. Тіліміз келмейді, жасамасақ болмайды деген күнде де, оны тоқсан толғап, кең көлемде ақылдаса шешкен дұрыс. Өйткені ол — бірер топтың тілі емес, халықтың тілі. Бір елдегі қазақ емес, әлемдегі исі қазақтың ортақ тілі. Сондықтан жасайтын атауды алдын ала жариялап, пікір алынып, халықтың талқысына салған жөн. Қазақстан БАҚ-тарында жарияланған мұндай жоба ауқымында Өзбекстан, Қытай қазақтарының да пікірі ескерілуі керек. Ең соңында комиссия терминдерді осындай жан-жақты зерттеудің қорытындысы бойынша бекітуі тиіс. Қазіргідей әр елдегі қазақтар өздерінше шешім қабылдай берсе, тілдік бейберекеттік пайда болады. Шынын айтайын, бүгінде Қытайда Қазақстанның Тіл комитетінің терминдерін көріп, оқып, ескеріп, пайдаланып жатқан ешкім жоқ. Болса, тек біз сықылды аздаған зиялы қауым ғана.
- Онда не істейміз? Термин қай тілде шықса, соны алып, қазақ тілін байытпай, қарап отыра береміз бе?!
— Алдымен атау-термин мәселесінде тактикалық және стратегиялық жоғары деңгейдегі бағдарлама мен ұстаным, саясат пен жоспар болуы қажет еді. Мұнсыз жүргізілген практикалық ұмтылыстардың ұлтқа пайдалы бола кетуі қиын. Қазақстанда қазақ тілінің мемлекет тілі мәртебесіне шындап көтеріле алмауында көп себеп бар. Соның тек біреуі терминологияға байланысты. Мысалы, атау-терминдерді қазақиластырудан (сізше айтқанда, «байытудан») бұрын, қазақ тілін ҚазССР кезіндегі БАҚ тілімен-ақ (ол орысша оқыған қазақтар түгілі, өзге ұлттарға да оңайырақ емес пе?) мемлекеттік тіл деңгейіне шығаруға бар күшті салу керек еді. Содан кейін кейбір орынсыз кірме сөздері біртіндеп шығарып, оны қазақиландыру екінші сатыдағы міндетке қойылса, жақсы еді. Бірақ қазақ тілін қазақиластыру оны мемлекет тіліне көтерудің (онсыз да бөгеті жетерлік ұлы істің) алдына өтіп алды да, бұл тілді игеру, өзге түгілі, орысша оқыған қазақтарға да ауыр тиер күй қалыптасты. Бұл, әрине, мемлекет тілінің өз мәртебесіне көтерілуіне пайдалы емес.
Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында, (кей шовинистердің қазақ тілін кемсітуіне намыстанудан ба, әлде бірер қазақы атау жасап көрініп қалу ниетінен бе, әлде әлемдегі ұлттар мен тілдердің неге жойылып бара жатқанын аңғармаудан ба, әйтеуір), кей бауырларым «қазақ терминологиясын жөндейміз, жетілдіреміз» деген желеумен, жаңа, қазақы атауларды науқаншылықпен (зауыттан өндіргендей) шығара бастады. Бұл науқан тілімізге әбден сіңісті болған, едәуір дамыған елдермен ортақ кейбір халықаралық терминдерді де ығыстырды.
Бұл жаңа атаулардың жалпыласуы шамалы да баяу. Ал залалы — диалект жасау мен тіл мәртебесін бөгеу болу. Мысалы, қазір, орыстың арасындағы қазақ түгілі, қытайдағы қалың қазақтың өздері де «ұстаным» (принцип), «сәуір» (апрель), «дәрумен» (витамин), «қызанақ» (помидор), «пайыз» (процент), тіпті «жанұя» (семья) сықылдыларды (кейін қазақы сөз деп білгенімен, жатырқамағанымен) өзге ұлттың қай сөзінің баламасы екенін, тіпті кейбіреуінің нені айтып тұрғанын біле алмай қалып жүр. Қаңтардан желтоқсанға дейінгі ескіше ай аттарын мұндағылардың ішінара үлкендері ғана біледі. Бірақ қарапайым қазақ өзара сөйлескенде, бірінші ай, екінші ай… немесе январь, февраль… деп кете береді. Қазірдің өзінде де сондай. Сол сияқты ғылымның, техниканың кей терминдерін асығыс қазақшалап әуре болмау керек еді. «Ақпар» мен «хабар» деген екі сөз қазақ тіліне шеттен (арабтан) енген. «Информация» секілді төл сөзіміз емес. Қазір информатика деген ғылым бар. Оны да аударып қазақиластырамыз ба? Мұндай орынсыз қазақиландырудың пайдасынан зияны көп.
Ал қазақша қолдан жасалған терминдер көбеюінің арты неге соқтыруы мүмкін? Бұл қазақ тілінің аясын тарылтып, өміршеңдігіне үлкен нұқсан келтіруі ықтимал. Сөздерді «құйып шығара беру» (мұндағылар оны «редакторлар тілі» деседі) ұрпаққа қазақ тілін үйренуді қиындатып, ана тілін олардан алыстатуға итереді. Мына заман — әр ұлттың өз тіліндегі, өзгеге ұқсамайтын лексикалық байлығымен мақтанатын, кешегі заман емес. Бұл заман — әр ұлттың өз тіліндегі өміршеңдікпен — жазуы мен сөз қорының келешекке, әлемге бет алған өз ұрпағына жақын, қолайлы, оңай болуымен мақтанатын заман. Әр ұлттың соған ұмтылуға тиісті заманы. Жоғарыдағы мысалдар осындай жетекші идеяның мықты болмауынан туылып отыр.
Бір пайдалы іс — түрік халықтарының атау, терминдерін өзара жақындастыру. Кеше ғана Қытай әртүрлі диалектілер салдарынан бір-бірін түсінбейтін, іс жүзінде бірнеше ұлт секілді еді. Қазір бәрін бірлестіре келе ортақ тіл қалыптасып, оларды алыста жүрген әлемдегі ханзулар да түсінетін болды. 1 миллиард 300 миллион қытай бір тілде сөйлеп, бір жазумен дамып барады. Бұл бірлік оларға үлкен күш-қуат пен өміршеңдік әкелді. Ал түрік халықтары ше? Қазір әлемде 200 миллионға жуық түрік халқы бар. Олар бірін-бірі білмейді де, бір-бірінен алмайды да. Ал сөздегі, содан барып тілдегі жақындық түрік әлеміндегі ұлттық жақындыққа тартады. Біз басы қосылмаудың залалын көп тартқан халық едік. Мына заман сол дерттен тез құтылуды талап етуде.
- Бірақ түркі елдері ортақ терминдер бойынша қалай келісімге келеді?
— Қазақ та, өзбек те, т.б. да бет-бетімен термин ойлап шығарып, бытырай бермей, ақылдасып ортақ атау жасаса, бұл бізді біртіндеп, бірлікке әкеледі. Егер кейбір атауларға кей түріктердің тілдері келмей, зауқы соқпаса, онда мейлі, бір-бірінен ауысып, екі-үш түркі елінің атаулары ортақ болса да, қайда жатыр?! Түрік халықтары «тілімізді байытамыз» деген жалаң ұлттық сезіммен шаба берсе, бұл ұлттар бір бірінен алыстай береді.
- Дегенмен техника жылдам дамуда. Олардың бәрі жаңа терминдерді қажет етеді. Олардың бәрін түркілерден іздеп отырмаймыз ғой?
— Оның рас. Жылдам дамыған техникаға қолдан атау жасап әлек болудың қаншалықты қажеті бар? Егер халықаралық ортақ терминдерді түрік халықтары жаппай қолданса, өзара жақындаса түсер еді. Бірақ халықаралық түгілі, түріктерден де іздемей, әр түрік ұлты өзінен ғана іздеу етек алып барады. Осында кейбіреулер компьютерді «электрмишық» деп аударды.
Компьютердің маусын «тінтуір» деп алды. Тіл келіп тұрған осыларды (компьютер, маус дегендерді) аударып, «жаңалық» ашып, термин байытқаннан не ұтамыз? Мына заман өзгеге ұқсамайтын төл терминология байлығына қарап, тіліңнің өмірін бекіткелі отырған жоқ, тіліңнің өз бойындағы өміршеңдігіне, оны жалғайтын ұрпағыңа оның қолайлылық дәрежесіне қарап бекіткелі отыр. Жастар ағылшын тілін үйренуі керек. Жаңа технологиялар бойынша көптеген атау, терминдер ағылшын тілінде пайда болуда. Ол тілде сырттан келген терминдер ересен көп. Олар бәріне есіктерін айқара ашып тастағандығынан және ғылым мен техникалық соңғы жаңалықтарды иелегенінен бұл тіл әлемдік жалпыласқан тілге айналуда. Олар тіл жөніндегі стратегия мен тактикада әлемді ұтты. Ал біз атауларымызды әуелі өз ішімізде де толық жалпыластыра алмай отырмыз!
Кеңес Одағы кезінде Қазақстанның сан алуан басылымдары қолымызға тиетін. Сондағы мақалалардың ішінде орысша, еуропаша терминдер көп кездесетін. Бірақ соның бәрін қазақ сөзі ретінде түсініп, қабылдай беретінбіз. Орыс тілінде, еуропалық сөздерді есепке алмағанның өзінде, түркі атаулары қаншама?! Олжас Сүлейменовтің кітабын оқысаңыз, бұған сенесіз. Өзге тілдерден кірген сөздерге бола өз тіліңе құрмет кемімейді. Бірақ біз керісінше жұмыс істеп, өз тілімізді өзгелердің білуін қиындатып, мемлекеттік тілдің мәртебесінің көтерілуіне кедергі келтірудеміз.
- Қазақы термин жасаушылардың бәрі қазақтың сөз қорын молайтқысы келетін шығар?
— Бәлкім, солай да шығар. Бірақ бұл заманның қалай екенін, неменемен мақтану тиістілігін жаңа айттым. Ұлттық сезім әрі күшті, әрі дұрыс, әрі ұлтқа шынайы пайдалы болуы тиіс. Әйтпесе кері рөл атқарады. Алдымен ата-бабадан келе жатқан төл де, дәстүрлі лексикалық мол байлықты қорғау керек. Өз ұрпағың ғана емес, өзгелер де сенің тіліңе қызығатындай, оңай игеретіндей болуы тиіс. Ол үшін негізгі лексиканың үстінде «қонатын» ендігі атау-сөздерді өзге озық ұлттан, ғылым мен техникада жалпыласып тұрған тілдердегі атаулардан алыстатпауы керек. Байыту осы негізде болғаны пайдалы.
- Айтпақшы, сіздің сөздеріңізден диалект байқамадым. Әдетте осындайда кейбір сөздердің мағынасын қайтара сұрауға тура келетін…
— Менде диалект жоқ дей алмаймын. Бәлкім, аз шығар. Мен жасымнан сіздер жақтікін оқып өскен жанмын. Тіпті бүгінге дейін. Мұндағы бір жарым миллионнан асқан қазақтың 99 пайызы ондай емес. Олармен сөйлескенде ұғыспай қалатын жайт туылады. Міне, осының өзі — диалект пайда болғанының белгісі. Егер бұл жылдан-жылға ұлғая берсе, ұлтымызға төнген үлкен қатерге айналмақ. Бізде, қарттарда, осындай диалектіге қарсылық бар.
- Сіз жаңадан терминдер шығара беру мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге кедергі келтіретінін айттыңыз. Ал сіздің ойыңызша, Қазақстанда мемлекеттік тілді нығайту жолдары қандай болуы тиіс?
— Ол жолды менсіз де әбден білесіздер. Ұлықтар, биліктегілер тіпті жақсы біледі. Ниет, ықылас, бекім ғана кем болып тұр. «Аюға намаз үйреткен таяқ». Мына заман таяққа сүйенбейді. Алдымызда аю жоқ. Интеллекті, бітімі, сапасы жоғары халық тұр. Қай ұлт болса да, олар дұрыс шешімді қабылдайды. Шамалы ақылы аздарға ғана күш керек. Егер ең беделді адам мансапқа қазақ тілін білетіндерді ғана қойса, жиындар қазақ тілінде жүріп, оны білмейтіндерге аудармашы берілсе, жоғары оқу орындары (бірер жылдық дайындық топтары арқылы қазақша оқытып) сабақты қазақша өтсе, қазақша оқулықтар сапалы да көп әзірленсе… Өткен 20 жыл мұндай болмас еді.

ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ — ҚАЗАҚ ЖҰРТЫНЫҢ АРМАНЫ
— Қазақстанда соңғы жылдары латын әліпбиіне көшу мәселесі қозғалып жүр. Қазақ жұртына мұндай реформа қаншалықты қажет?

— Жазу өзгерту — ермек те, қызық та, мода қуу емес, ұлт мүддесі мен заман талабынан шыққан зәрулік. Амал не, көне түрік жазуымыз оралмас алысқа кетті. Төте жазу әрі аз қазақтың қолында және қазақстандық кирилл жазуына да жете алмайтын күйде. Кирилл жазуы да оңып тұрған жоқ. Бұл жазумен жіберілген мәтіннің де әлемді еркін шарлай алмайтыны белгілі. Латынша жазу әлемде ең жалпыласып бара жатқан тілдің жазуы болуымен қатар, компьютер, интернет, т.б. күнделікті өмірдің құралына айналған дүниенің бірінші жазуы болып отыр. Жазуы жоқтан жазуы бар — жүйрік. Жазуы шабаннан жазуы тез — жүйрік. Қыл аяғы қытайлар да өз иероглифтерін латын жазуымен компьютерге енгізіп, диалекттерін сол арқылы жойды. Бізге мәдениетімізге (соның ішінде тілімізге) оралғы болатын жазу да, оған дағдыланудан туған қимастық та керек емес. Керегі — тілімізге өмір беретін жүйрік жазу!
Дүниежүзі қазақтарының ІV құрылтайында, Нұрекең амандасып алдымызға келгенде, қолын алып тұрып: «Сіз латынша жазуға көшеміз деп айтқан сайын біз — шетелдегі қазақтар бір қуанып қаламыз!» дедім. Сонан кейін, латын қарпіне көшуге қатысты өз ойларым жазылған хатты бердім. Ол хаттың мазмұны: «Қазір Қазақстанға жаппай латыншаға көшу пайдалы емес. Қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне толық ие болмай, жазу өзгеріп кетсе, ана тілін жақсы білмейтін қазақтың да бір бөлігі оған тіпті шала болып қалуы мүмкін. Дегенмен Қазақстан болашақта көшетін латынша жазудың жобасын қазір жариялап тастаса, қазақ диаспорасы соған бейімделе берер еді. Сонда Қазақстан болашақта латын қарпін қабылдаған уақытта жазуларымыз ұқсас болып шыға келер еді. Егер бұл қолға ерте алынбаса, қазақ диаспорасы бет-бетіне кете береді де, болашақта жазуда да бірлік болмай қалады».
- Расында, солай…
— Қытайдағы қазақтар ханзулардың компьютермен иероглифті жазу үшін пайдаланылатын латыншасына, Өзбекстандағы қазақтар өзбек латыншасына, т.б. бет-бетіне кетуі мүмкін. Ол жазуларға әбден дағдыланып алғаннан кейін оны өзгерту де қиынға соғады. Қазіргі Қытайдағы қазақ жастары қытайшаны, латыншаны жақсы білгенімен, кириллицаны танымайды. Бізде қолданылатын Ахмет Байтұрсынұлының төте жазуын қазақстандықтардың көбі танымайды. Мәдени ауыс-түйіске бөгет деген — осы. Ұлттың жазуы ортақ болмай, шынайы бір болуы қиын. Сондықтан латын қарпіне көшу — жекелеген оқымысты қазақтың ғана емес, бүкіл қазақ жұртының арызы, арманы. Мұны ұзақты ойлағандар ғана сезінеді, тіпті тез жетуге асығады! Алайда қазақ көшетін жаңа латын жазуы Түркиядағы сықылды (өткен ғасырдың алғы жарымынан қалған жоба) емес, клавиатурадағы 26 латын таңбасымен шешілетін жазу болғаны жөн. Әйтпесе ол осы кирилл жазуынан аса алмайды…
- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА

«Айқын», 06 Сәуір, 2012