Астана қаласының № 66 мектеп-лицейінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығын мерекелеу аясында «Отаным менің — Қазақстан» атты ғылыми конференция өтті. Конференцияға белгілі ғалымдар, Елорданың жалпы білім беретін мектеп директорларының орынбасарлары, ұстаздар, кітапханашылар, «Жас Отан» Жастар қанатының, қалалық білім басқармасының, «Мемлекеттік тілді дамыту» қоры мен «Алдаспан» батырлар қорының өкілдері қатысты.
Жиын барысында мектеп оқушылары арасында «Қазақстан бейбітшілік пен жасампаздықтың 20 жылы» атты тақырыпқа шағарма жазудан өткен қалалық байқау жеңімпаздары марапатталды. Әділқазылар шешімі бойынша қазақ сыныптары оқушыларының арасынан І-ші орынды № 15 мектептің оқушысы Орынбасар Нұрсұлтан, ІІ-орынды №62 мектептің оқушысы Дәрменқұлова Жанбота, ІІІ-орынды №25 мектептің оқушысы Мұхамеджан Гаухар иеленді. Орыс сыныптары оқушыларының арасынан І-ші орынға №21 мектептің оқушысы Тогаева Виктория, ІІ-орынға №20 мектептің оқушысы Дуйсекеева Дана, ІІІ-орынға №53 мектептің оқушысы Рагуллин Вячеслав ие болды.
Жеңімпаздар «Мемлекеттік тілді дамыту» қорының арнайы дипломдарымен, «Жас Отан» Жастар қанатының «Алғыс хаттары» және бағалы сыйлықтарымен марапатталды.