Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Қазақтар және қазақ тілі туралы

20 Қазан 2011 | 10:14

Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Алайда, Қазақстанда мемлекеттік тілді енгізу және дамыту мәселесі қазіргі уақытқа дейін толық шешілген жоқ. Бұл мәселе уақыт еншісінде деп санаймыз. ХХ ғасырдың басында Абай өзінің жиырма бесінші сөзінде «Орысша оқу керек, хикмет те, мал да, өнер де, ғылым да — бәрі орыста тұр. Зарарынан қашық болу, пайдасына ортақ болуға тілін, оқуын, ғылымын білмек керек. Оның себебі олар дүниенің тілін білді, мұндай болды. Сен оның тілін білсең, көкірек көзің ашылады. Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды.» — деген болатын. Әрине, мақсат орыс тілінен бір күнде бас тарту емес, қазақ тілі мен орыс тілін бір біріне қарсы қою да емес. Дегенмен, қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін шын мәнінде алуы ғана мемлекетті мемлекет ете алады. Сондықтан, мемлекеттік, яғни қазақ тілін оқу қажеттілі туып отыр.
Қазақ тілінің тарихы тереңнен бастау алады, ол алтай тілдері семьясының түркі тілдері тобына жатады. Ал, жалпы Алтай тілдері семьясына түркі тілдерінен басқа тұңғыс-манчжур, монғол, фин-угро тілдері де кіреді. Сондай-ақ, кейбір болжамдар бойынша жапон және корей тілдері де Алтай тіл семьясына жатады екен. Түркі халықтары Солтүстік Мұзды мұхиттан бастап Жерорта теңізіне дейінгі дейінгі ұланғайыр аумақта тұрады. Біздің есебімізше 60-тан астам түркі халықтары бар. Түркі халықтарының мынадай мемлекеттерін атап өтуге болады: Түркия және бұрынғы Кеңес Одағы ыдырағанан кейін пайда болып өз тәуелсіздіктерін алған Қазақстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстан және Әзербайжан. Олардан басқа тәуелсіздігін ресми түрде Түркия ғана мойындаған Солтүстік Кипр Түрік Республикасын атап өтуге болады. Ресей Федерациясының құрамындағы татарлардың, башқұрттардың, чуваштардың, сахалардың, алтайлықтардың, тувалықтардың, хақастардың, қарашайлар мен балқарлардың автономиялық республикалары бар. Қытайда ұйғырлар мен қазақтардың, сондай-ақ тағы басқа да түркі халықтарының өз автономиясы – Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы бар. Шыңжаңда тұратын қазақтар негізінен Алтай, Іле, Тарбағатай өңірлерінде шоғырланған. Қытай қазақтарының тағы екі автономиялық округы Алтыншоқы мен Ақсайды да атап өту ләзім. Сонымен бірге, тағы екі түркі халқының да өз автономиялары бар – бұл Молдова құрамындағы Гагаузия және Өзбекстан құрамындағы Қарақалпақстан. Ал Қырым татарлары мен Месхеттік түріктердің мәселесі әлі күнге дейін өз шешімін тапқан жоқ. Өкінішке орай, Иран мен Ирак түркілері және Ауған Түркістаны туралы ақпарат өте мардымсыз.
Ірі түркі халықтары: түріктер, әзербайжандар, өзбектер, қазақтар, ұйғырлар, татарлар, қырғыздар және түркімендер, башқұрттар, чуваштар және т.б. Біз ежелгі түркі халықтары қыпшақтарға, ғұндарға, оғыздарға және қарлұқтарға тоқталмаймыз, өйткені бұл тақырып көп қозғалып жүр.
Түркі халықтары бірнеше тіл топтарына бөлінеді, оның ішінде ең ірілері әрі белгілілері: қыпшақ тобы, оғыз тобы, бұлғар тобы және сібір тобы. Қыпшақ тобын татарлар, башқұрттар, қазақтар, қарақалпақтар, ноғайлар, құмықтар, карашайлар, балқарлар құрайды. Оғыз тобын түркімендер, әзербайжандар, түріктер, гагауыздар құрайды. Ал бұлғар тобына чуваштар жатады. Қарлық тобына жататын халықтар: өзбектер, ұйғырлар. Сібір тобының халықтары сахалар, хақастар және т.б.
Өз кезегінде Қыпшақ тілдері мынадай топтарға бірігетінін атап өту қажет:
— армян қыпшақ тілі (өлі тіл),
— қарайым тілі,
— қарашай-балқар тілі,
— Қырым татар тілі,
— қырымшақ тілі,
— құман тілі (өлі тіл),
— құмық тілі,
— татар тілі,
— ұрым тілі.
— қазақ тілі,
— қарақалпақ тілі,
— ноғай тілі,
— өзбек тілінің қыпшақ диалектілері,
— алтай тілі,
— қырғыз тілі,
— башқұрт тілі.

Енді, қазақ тілі мен қазақтарға азды-көпті тоқтала кетсек.
Қазақ халқының атауының пайда болуына қатысты көптеген болжамдар бар. Бірақ, біздің ойымша түркі тілдеріндегі «қазақтар» – еркін, бостандық сүйгіш деген ұғым беретін мағынасы көкейге қонады. Өз атауымыз «қазақтан» айырылғанымыз кеше ғана, орыс тілінде казак пен қазақты ажырату үшін «казах» болып жүрген жайымыз бар. Өткен ғасырдың 20 жылдары Кеңес Одағының құрамында болған Қазақ Автономиялық Кеңестік Республикасы сол дәуірде Казахстан емес Казакстан болғаны тағы да бәрімізге мәлім.
2009 жылдың 25 ақпаны мен 6 наурызы аралығында Қазақстанда жүргізілген халық санағының алдын ала қорытындысы бойынша республикасы халқының саны 16 миллион 403 мың адамға жетті және оның 67 пайызын қазақтар құрады. Сондай-ақ, санақ аяқталған соң тағы 12000 адам Қазақстанның азаматтығын алды және олардың басым көпшілігі де өз қандастарымыз. Қазіргі күні, дүние жүзіндегі қазақтардың саны 17 миллионды құрап отыр. Қазақтар Қазақстаннан басқа Әлемнің елуден астам елінде өмір сүреді.
Қазақтардың негізгі бөлігі Қазақстанмен шекаралас елдерде тұрады. Қазақтардың ең көп диаспорасы Қытайда (2,7 млн), Өзбекстанда (1,5 млн), Ресейде (1,2 млн) шоғырланған. Қазақстан 1991 жылы өз тәуелсіздігін жариялағаннан бері шамамен 1 миллион этникалық қазақтар (оралмандар) елімізге оралды. Қазақстан Германия, Израиль, Греция, Ресей сияқты этникалық отандастар мәселесімен айналысатын Әлемдегі санаулы елдердің бірі. Жақында шетелдегі қазақтарды көшіріп алу және қоныстандыру мәселесімен айналысу үшін «Нұрлы көш» бағдарламасының қабылданғаны да белгілі.
Әлемнің әр түпкірінде тарыдай шашылған қазақтардың басты проблемасы – ол жазу-сызу мәселесі. Мысалы, Қазақстан, Монғолия, ТМД елдерінің (Өзбекстан мен Түркіменстанды қоспағанда) және Балтық бойының қазақтары кириллицаны, ал Түркия мен Еуропа және Америка қазақтары латиницаны, Қытай, Ауғанстан, Иран және араб елдеріндегі қазақтар кезінде Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалап кеткен «төте жазуды» пайдаланады. Бұл жердегі басты проблема – ол Әлемдегі қазақтар бір бірімен сұхбаттаса алады, тек хат-хабар алмасу кезінде әртүрлі қаріптердің қолбайлау болатындығы.
Қазақстанда шамамен қазақ балаларының 80 пайызы қазақ мектептерінде оқиды және мектептердің шамамен 70 пайызы қазақ тілінде дәріс береді. Бірақ дәл осы арадан даулы мәселе туындайды. Неліктен көптеген қалалардағы, әсіресе, ірі қалалардағы көптеген мектептер «аралас мектептерден» тұрады. Бұл нені білдіреді? Мысалы, мектепте дәріс алушылардың көпшілігі орыс тілінде оқитын болса, сол мектепте дәріс алатындардың азшылығы қазақ тілінде білім алатын балалар. Міне, сондықтан да орыс тілінің басымдығы білініп тұрады. Бірақ, осыдан жиырма жыл бұрын, әсіресе Қазақстанның ірі қалаларында қазақ тіліндегі мектептердің саны өте аз болғаны есімізде, мысалы, миллион тұрғыны бар Алматыда бар болғаны бір ғана қазақ мектебі болып еді. Қазақ мектептері Өзбекстанда, Түркіменстанда, Монғолияда және Қытайда бар, ал бір миллион екі жүз мың қазақ тұратын Ресейде бір ғана қазақ мектебінің болуы өте ойлантатын жағдай. Бұл – Алтайдың Керей ауылындағы Қаракөл орта мектебі. Қазақтардың Қырғызстанда 100000 диаспорасы бола тұра қазіргі күнге дейін бірде бір қазақ мектебі жоқ.
Бұрынғы Кеңес Одағының елдерімен салыстырғанда тіл жағдайы бойынша Қазақстан тек Беларусьтің алдында тұр. Егер Балтық бойы елдері орыс тіліне қатысты әуелден қатты ұстаным ұстаған болатын болса, Кавказ сырты елдерінде әлімсақтан мемлекеттік тіл проблемасы болған жоқ. Ал Орта Азия елдерін алатын болсақ, тілдік жағдай осыған ұқсас, тек Түркіменстан мен Өзбекстанға қарағанда Қырғызстан мен Қазақстан орыс тілінің үстемдігіне көбірек бой алдырған. Міне, сондықтан орыс тілінің басымдығы әлі де білініп отыр.
Қазақстан өз тәуелсіздігін жариялағаннан кейін қазақ тілін мемлекеттік тіл деп жариялады. 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясының 7-бабында мыналар атап көрсетілген: «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл — қазақ тiлi.». Конституцияға сүйене отырып, «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» заң қабылданды. «Тіл туралы» заңға сәйкес 4-бапта: «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi — қазақ тiлi. Мемлекеттiк тiл — мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру — Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар: Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға; Қазақстан Республикасының барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға; қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.».
Қазақстан Республикасының тiл саясатының тұжырымдамасы және Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы қабылданып, онда 2010 жылға қарай барлық орталық және жергілікті атқарушы органдарда мемлекеттік тілді кезең кезеңмен енгізу жоспарлануда. Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасында мынадай міндеттер қойылады: «Мемлекеттік тіл бірқатар мемлекеттік басқару органдарында қолданылмайды немесе мардымсыз қолданылады. Осыған байланысты мемлекеттік органдар іс жүргізуді, есептік-статистикалық, қаржылық және техникалық құжаттаманы 2010 жылға дейін мемлекеттік тілге кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі жұмысты Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабының 2-тармағындағы қағиданы сақтай отырып жүргізуі қажет:
2006 жылы — Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарының және Алматы қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдары;
2007 жылы – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті, Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Энергетика және минералды ресурстар министрлігі, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі, Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі (Қаржы полициясы), Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігі, Қазақстан Республикасы Жер ресурстарын басқару агенттігі, Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі, Алматы, Павлодар облыстарының және Астана қаласының жергілікті өкілді және атқарушы органдары;
2008 жылы — Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі, Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі, Қазақстан Республикасы Ақпараттандыру және байланыс агенттігі, Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының жергілікті өкілді және атқарушы органдары;
2009 жылы — Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі, Қазақстан Республикасының Парламенті, Қазақстан Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Күзет қызметі, Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі, Алматы қаласының өңірлік қаржылық орталығы қызметін реттеу агенттігі.».
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Тіл комитеті мемлекеттік тілді дамыту және енгізу жөніндегі уәкілетті орган болып табылады.
2008 жылы мемлекеттік тілді дамыту үшін бюджеттен едәуір қаражат бөлінді. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамашылығымен Мемлекеттік тілді дамыту қоры құрылды. Сондай-ақ, 2008 жылы Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 — 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2009 — 2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды. Онда мынадай сәттерді атап көрсетуге болады: Халықаралық тәжірибені жүйелі зерделеу және Қазақстанға енгізу үшін Қазақстанның ЕО елдерімен тіл саясаты саласындағы халықаралық ынтымақтастық орталығын құру, қазақ тілін білу деңгейін бағалау бойынша ҚАЗТЕСТ жүйесін жетілдіру, Қазақстан Республикасының көрнекі ақпаратының жай-күйін зерделеу бойынша әлеуметтанушылық зерттеулер жүргізу, қазақ тілінде балаларға арналған анимациялық және көркем фильмдер шығару.
Жоғарыда аталған және мемлекеттік тілді енгізу және дамыту жөніндегі басқа да шаралар үшін 2009 жылы бюджеттен 5 066 313 мың теңге бөлінді, ал 2010 жылы 4 763 727 мың теңге бөлу жоспарлануда.
Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін қазақтардың 25 пайызы (кейбіреулер 40 пайызы деп айтып жүрді) өз ана тілін білмеді деген ақпарат кең тараған болатын.
Әрине, егер ХХ ғасырдың басында Қазақстандағы қазақтардың пайыздық үлесі 80 пайызды құраған болса, ол үлес 1959 жылы тың және тыңайған жерлерді игеруден кейін 29 пайызды құрағаны тағы аян. Бірақ, жаппай орыстандыруға қарамастан қазақ тілі әрбір қазақ отбасында естіліп тұрды.
Соңғы уақытта Қазақстанда мынадай қызық үрдісті байқауға болады: жергілікті емес ұлттар өкілдері өз балаларын қазақ тіліндегі бала бақшаларға, мектептерге беруде. Қазақ мектептерінде оқитын өзге ұлт балаларының саны 25 мыңға жетті. Санмен бірге сапа да өсуде. Мысалы, Ақтөбе қаласында балалар үйінің ұлты қазақ емес тәрбиеленушілері арасында мемлекеттік тілді білу бойынша сайыста тәрбиеленуші жасөспірім жігіт қазақ тілін тамаша білетінін көрсетті және қала әкімінің қолынан пәтер кілті табыс етілді. Бір қуантатыны басқа ұлт өкілдерінің арасында мемлекеттік тілді жан-тәнімен үйренушілер де және жауапкершілікпен қарайтын да жандардың көбеюі. Міне, сондықтан мемлекеттік тіл – қазақ тілін қоғамдағы өзінің лайықты орнын алатын күн де алыс емес.
Қазақ тарихындағы белгілі Шәкәрім қажы өз шежіресінде «Әз Жәнібек қазақты алып ауарда, Ноғай аталған туысқандарымыздың жақсылары қазақтың жақсыларымен көрісіп, амандасып жылапты. Соны біздің қазақ домбырашылары ноғай-қазақ айырылғандағы жылау күй деп, домбырамен «Ел айырылған» атты зарлы күй тартады» — дейді. Қазақ жыршылары:
Орманбет хан өлген күн,
он сан ноғай бүлген күн,
Қазақ пен Ноғай айырылды,
Қазақ сартқа қайырылды – деп жырлайтын ноғай бауырларымыздың саны 100000 шамасында. Тарихта Еуразия даласын дүр сілкіндірген халықтың тек жұрнағы ғана қалды. Міне, сондықтан, «халқымыз ноғайлардың тағдырын қайталамасын» — деген оймен «қазақ тілі шынайы мемлекеттік тіл болса екен» — деп тілейік.

Автор – Амандық Қорғанұлы

Е.Букетов атындағы ҚарМУ (1995 жыл), тарихшы және әлеуметтік-саяси пәндер оқытушысы. 2003-2004 жылдар, Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің кадр және мемлекеттік тілді енгізу бөлімінің бас маманы, Философия және әлеуметтану, тарих кафедрасының оқытушысы

Пайдаланылған әдебиет тізімі:
1) «Қазақстан Республикасының Конституциясы», Конституция 1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Жаршысы, 1996 ж., № 4, 217-құжат.
2) «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы», Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 шiлдедегі № 151 Заңы, Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., № 13-14, 202-құжат.
3) «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001 — 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2009 — 2010 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы», Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 24 желтоқсандағы № 1246 қаулысы.
4) «Қазақстан Республикасының тiл саясатының тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 4 қарашадағы № 3186 өкімі.
5) «Тiлдердi қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 Жарлығы.
6) «Тілдерді қолдану мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы № 4106 Жарлығы.
7) Г.М. Мендикулова «Казахская диаспора и ирредента: история и современность.».

Пайдаланылған сайттар:
1. www.kazakh.ru
2. www.kurgyz.ru
3. www.massagan.com
4. www.noghay-halk.narod.ru
5. www.turan.info
6. www.ferghana.ru

http://www.neotech.kz/kazakhs_and_language_kz.html