Астанада орысша-қазақша көпсалалық тілашардың тұсауы кесілді.
ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Шерубай Құрманбайұлы атап көрсеткендей, мемлекеттік тілді өз бетінше үйренуге арналған тілашарлар Қазақстандық азаматтар ең көп қызмет ететін және күнделікті өмірде жиі кездесетін 10 саланы қамтиды. Олар — «Дастарқан», «Денсаулық», «Саяхат», «Кәсіп», «Сауда», «Спорт», «Қызмет», «Шаңырақ», «Мәдениет», «Білім».
Тілдескіштер азаматтардың қазақ тілін үйренуге қажеттілік сұранысын қанағаттандыру үшін ҚР Мәдениет министрлігінің тапсырысы бойынша Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында әзірленіп, шығарылды. Әрқайсысы 40-50 беттен тұратын 10 кітапшада күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданылатын ауызекі сөйлеу үлгілері, қажетті сөздер мен сөз тіркестері берілген.
«Тілдескіштердің ең қолайлы жағы олар өте ықшам және көркем безендірілген, қалтаға салып, өзімен бірге алып жүруге ыңғайлы. Екінші ерекшелігі, тілдескіштердің ішінде сөздің, сөз тіркестің, сөйлемнің дыбысталуын тыңдауға болатын CD дискілер бар», — деді Ш.Құрманбайұлы.
Мәлім болғандай, 1 миллион данамен шыққан тілашарлар дүкен сөрелеріне түспейді. Олар Қазақстанның барлық облыстары мен Астана және Алматы қалаларындағы тілдерді дамыту басқармаларына жолданып, одан әрі білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, халыққа қызмет көрсету ұйымдарына таратылатын болады.
Тіл комитетінің төрағасы анықтап бергендей, тілашарларды қызығушылық танытқан әр азамат Тілдерді дамыту басқармасына тапсырыс беру арқылы ала алады.
АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат