Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Қазақты сүйіп, қазақ тілін қастерледім

23 Ақпан 2021 | 4:23

Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында батыс шекараға жақын тұратын поляктардың қатарында менің әкем Иосиф Дворецкойды да ата-анасымен бірге Солтүстік Қазақстан облысының Келлер ауданындағы Ростовка ауылына жер аударады. Айдалып келгендердің бәрі жергілікті комендатураның бақылауында, үш шақырым алысқа шыға алмайтын қатаң тәртіпте ұсталады. Бұл елді мекеннен қазақ ауылдары алыстау. Сондықтан олар қазақтарды да сирек көреді.

Ростовка ауылының аумағы кейін, 1944 жылы жаңадан ашылған Көкшетау облысының қарамағына беріледі. Әкем осы жерде өзімен тағдырлас, Қырымнан жер аударылып келген неміс қызына үйленеді. Алдымен екі ұлы өмірге келіп, артынан, 1949 жылы қызы – мен дүние есігін ашыппын. Мұнда келгендер өз ана тілдерінде сөйлеуге жасқанып, өзара орыс тілінде сөйлесетін еді. Соның кесірінен балалар поляк тілін білмей, тек анамыздан оңашада неміс тілін үйрендік.

1966 жылы Кранополян орта мектебін жақ­сы бітірген соң Красноармеец ауда­нының оқу бөлімі мені қазақтар тұратын Жамбыл ауылына неміс тілі пәнінің мұ­ғалімі етіп жіберді. Сөйтіп мезгіл қоңыр күз­ге айналған салқын уақытта анам екеу­міз қазақ ауылына келдік. Үйлер сұр­қай, төбелері шыммен жабылған, жолдар жөнделмеген, клубтың есігі қирап жат­қан көрініс көз алдымда. Соны көріп, көңі­лім бірден құлазып қалды. Есесіне адам­дары ақжарқын, қонақжай, қай үйге кіре қалсаң да «шай іш» деп төрге шақы­рады. Ешкімді жатырқамайды, жы­лы шыраймен қарап тұрады. Әйтеуір, жам­былдықтардың ілтипаты ғана көңілімді жұбатып, мұғалімдікке қалатын болдым.

Осы мектепте қызмет істеп жүргенде қазақтың көркем жігіті Омармен танысып, оны ұнатып қалдым. Ол осында физика мен дене шынықтырудан сабақ беретін жас мұғалім екен. Екеуміз достасып, ол маған қазақ тілін үйрете бастады. Өзім де ұмтылып, сөздік жасап алдым. Ақыры бір-бірімізді ұнатып, көп ұзамай үйлендік. Әкем басында көнгісі келмесе де артынан «ұнатса, бара берсінші» деп келісімін беріпті. Ал анам Омарды бірден ұнатып, оны өле-өлгенше жақсы көріп өтті.

Біз төрт перзент көрдік, бәрі де аман-есен ержетті. Қайын атам марқұм мені өз қызындай көрді. Тіпті кемпірінің кейбір қылықтарын маған шағып, екеуміз әзілдесіп отыратын едік. Қайын енем де жас келінге қазақтың салт-дәстүрін үйретуден жалықпады. «Ислам дінінің шарты бойынша басқа діннің қызын алуға болады, бірақ оны өз дінімізге кіргізуіміз керек», деп маған Ислам дінін қабылдайсың деп шарт қойды. Сүйгенің үшін неге көнбейсің, мен де көндім. Сөйтіп ауылдың молдасы мен 4-5 әжей келіп, басыма ақ орамал салып, құлағыма азан шақырып, айғайлап «Мәриям» деген ат қойды. Сөйтіп құжаттардағы ресми есімім Ольга болғанымен, мұсылманша атым – Мәриям. 2014 жылға дейін оразаны қаза қылмадым. Тек сол жылдан бері түрлі азынаған мектептерде бүрсеңдеп бала оқытып жүргенде тиген суықтан денсаулығыма кінәрат кіргеннен кейін ғана ораза ұстай алмайтын болдым.

Мен қазақ тілін үйреніп қана қойған жоқпын, оны орыс мектептерінде өзім оқыттым. Қазақ тілі маған қатты ұнайды, оны тез үйреніп алдым. Алдымен өзіме аударма-анықтама жасап алдым. Оған алдымен қажетті сөздерді тізіп алып, жаттайтынмын. Білмей қалғанымды Омекеңнен сұраймын. Тілге бейімдігім және оған деген құштарлығым шығар, мен қазақ тілін ауызша еш қиналмай үйреніп кеттім. Артынан грамматикасын да меңгеріп алдым. Көкшетаудың педаго­гикалық институтының қазақ филология факультеті сырттай оқып бітірдім.

Күйеуім Омар Мырзагелдиновті қызмет бабымен басқа жерлерге жі­бер­генде маған да үнемі мектеп ауыстырып отыруға тура келді. Бірақ барған жерімнің бәрінде қазақ тілі мен неміс тілінен сабақ бердім. Краснояр, Раздольный мектептерінде орыс сыныптарына қазақ тілін оқыттым. Менің жасаған әдістемелік құралдарым республикалық деңгейде танылып, талай байқау мен конкурста жүлде иелендім. Ол кезде қазақ тіліне қазіргідей көңіл аударылмаса да мен өзім ұнатқан тіліме қызмет етуден жалықпадым. Есімім Көкшетау облысының Құрмет тақтасына жазылды. 1987 жылы мен туралы «Сельская учитель­ница» киножурналы, ал 1988 жылы Алматы телестудиясы «Шапағат» атты телеочерк түсірді. Ал мерзімді бас­па­сөздер мен туралы үнемі жазып тұрды.

1991 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті менің қазақ тілін оқытудағы шеберлігім мен әдіскерлігімді пайдалануды жөн көріп, мені осы жоғары оқу орнының Қазақ тілі кафедрасына аға оқытушы етіп қабылдады. Онда 10 жыл бойы қызмет істедім. Одан кейін қайтадан ауыл мектебіне ауысып, 2006 жылы жалпы білім беретін мектептер арасында жарияланған «Үздік қазақ тілі кабинеті» атты республикалық конкурстың Гран-при жүлдесін жеңіп алдым. 2002 жылы «Мектеп» баспасы шығарған «Қалдырған ізің мәңгілік» жинағына енгізілдім. Менің әдістемелік құралдарым мен жинақтарым бірнеше рет кітапша болып басылды. Елбасынан, облыс әкімдігі мен салалық министрліктен бірнеше грамота мен Алғыс хат алғаным еңбегімнің ақталғаны шығар. Менің еңбегімнің еленіп, бағымның жанғаны қазақ тіліне деген сүйіспеншіліктен, қазақ отбасына келін болып келіп, оның түтінін түтеткеннен сияқты. Сондықтан қазақ халқына шексіз ризамын, оған әрдайым алғысымды айтамын.

 Ольга МЫРЗАГЕЛДИНОВА,

ардагер ұстаз

Сілтеме: https://egemen.kz/article/266396-qazaqty-suyip-qazaq-tilin-qasterledim