Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Мемлекеттік маңызы зор мәселе

8 Ақпан 2013 | 10:12


Елбасы Жолдауында алдағы уақытта да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыру табандылықпен жалғаса беретіндігі, әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруі үшін осы бастан кірісуіміз керектігі, сондай-ақ, терминология мәселесінде де қолға алар істердің әлі баршылық екендігі қадап айтылды.
Тілші-ғалым ретінде, мемлекеттік маңызы зор жоғарыда айтылған мәселелерге бей-жай қарамай, өзіміздің көзқарасымызды білдіріп, Елбасы көрсеткен міндеттерді іске асыруда бірінші кезекте қолға алынатын іс шараларға тоқталсақ дейміз.

Жалпы, латын әліпбиіне көшу туралы бұған дейін де әңгіме қозғалған болатын. Сонау өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері, яғни тәуелсіздік алған кезден бастап, түркі тілдес халықтардың латын қарпіне көшу мәселесі көтеріліп келеді.
Елбасымыз 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында қазақ тілін латын графикасына ауыстыру бойынша зерттеулер жүргізіп, латын қарпіне көшкен түркі тілдес мемлекеттердің тәжірибесін жинақтап, ұсыныс енгізуді тапсырған болатын. Іле-шала Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Премьер-Министр басқаратын Мемлекеттік комиссия құры­лып, нақтыланған іс-шаралар жоспары бекітіліп, Білім және ғылым министрлігі осы мәселе бойынша негізгі жауапты мем­лекеттік орган ретінде айқындалған еді. Тиісінше, министрлік жанынан жұмыс тобы құрылып, оған басшылық ету маған жүктелген болатын. Сол кезде жоғары білім беру департаменті мен ғылым комитеті бір­лесіп біршама іс атқарды. Атап айтқанда, Ғылым комитеті басшыларының бірі – профессор Әбдікәрім Зейнуллиннің төр­ағалығымен ғылыми-зерттеу институт­та­ры­ның өкілдерінен құрылған құзыретті комиссия түркі тілдес мемлекеттерге іссапар­ға шығып, ол елдердегі латын қарпіне көшу тәжірибесін зерделеген болатын. Жүргізілген кешенді зерттеулер Білім және ғылым министрлігінде талқыланып, талдау қорытындысы Үкіметке жолданған-ды.
Ол кезде латын әліпбиіне қашан өту керектігі туралы нақты саяси шешім қабылданбағандықтан, ғалымдар тек ұсыныс деңгейінде ғана шектелген еді. Ал Елбасы өз Жолдауында «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшу үшін дайындыққа осы бас­тан кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз», деп өту мерзімін нақтылап берді.
Атқарылатын іс-шаралардың нақтылығына аса зор мән берілуі керек. Ол үшін не істеу керек? Біріншіден, жұмысты тиісті комиссия құрамын жасақтау мен оның құзыреттілігін анықтап алуымыз керек. Өйткені, «әуелі бұл шіркінді бастау қиын» дегендей, белгілі алға қойған мақсаттарға жету үшін тиянақты жоспарлар түзілу керек. Міндеттер айқындалып, оларды жүзеге асыру кезеңдері мен қаржыландыру көздері нақтыланып, жауапты мемлекеттік органдар айқындалуы керек. Екіншіден, латын әліпбиі жобасын ұсынатын мерзімді нақтылау керек. Бұл жерде жалпақшешейлікке жол беріп, кез келген ұсынысты бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауда сақ болу керек. Себебі, соңғы кездері БАҚ-та ұйымдастырылған пікірталастар газет-журналдарда жарияланып, теледидардан көрсетілуде. Осындай іс-шараларда оқырман да, көрермен де латын әліпбиіне «ертең-ақ өтіп кетуге болады», «биыл өтуіміз керек», «үстіміздегі оқу жылы бас­талысымен», т.с.с. ұсыныстарды қардай боратып жатыр. Мұндай жолды тиімді деп есептей алмаймыз. Латын әліпбиіне көшу – зор жауапкершілікпен, тиянақты дайындықпен іске асырылатын мемлекеттік мәні зор мәселе екенін ұмытпауымыз керек. Сондықтан, Елбасының Жолдауын іске асыруға байланысты Ұлттық жоспардың жасалғанын, осы жоспарда көтеріліп отырған мәселенің орындалу кезеңдері, жауапты мемлекеттік органдардың белгіленгенін еліміздің республикалық ресми басылым беттерінде жариялау керек. Сондықтан, жұртшылықты дер кезінде мемлекет жоспарымен де хабардар етіп отырсақ, бұдан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Ал енді жазуымызды латын қарпіне көшіруде атқарылатын іс-шараларға тоқталсақ… Үкімет белгілеген жоғарыда көрсетілген мерзімге осы күнге дейін жиналған латын әліпбиіне қатысты 100-ге тарта жобаны сараптамадан өткізуді тезірек қолға алу керек. Мақаланың басында айтып өткеніміздей, Президенттің 2006 жылы берген тапсырмасы негізінде Білім және ғылым министрлігінің лингвистикалық, педагогика-методикалық, әлеуметтік-психологиялық, экономикалық және саяси тұрғыда кешенді түрде әзірлеген ғылыми-сараптамалық талдауларды басшылыққа ала отырып, содан бергі 5-6 жыл ішіндегі еліміздегі экономикалық жаңғыртуға байланысты орын алған оң өзгерістерді негізге ала отырып, Мәдениет және ақпарат министрлігі кешенді жұмыс жоспарын түзсе, нұр үстіне нұр болар еді. Біздің айтып отырғанымыз, орындалған жұмысты одан әрі мазмұндылығымен толықтыра түссек, біз уақытты да ұтар едік әрі ел күтіп отырған, Елбасы тапсырған міндеттің дер кезінде үдесінен шығар едік.
Мемлекеттік комиссияның құрамы анықталғанға дейін, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында жинақталған жобалардың ішінен 10 шақты нұсқасын сұрыптап алып, талқыға салған жөн болар еді. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, 100-ге тарта жобаны ұсынып, жұртшылықты дүрліктірудің қажеті шамалы. Өзіміз араласып, ұсынылған жобалардан хабардар болған соң айтып отырмыз. Көпшілікке түсінікті болу үшін, жобалардың негізгі-негізгі тұжырымдарына тоқталсақ, төмендегі ұсыныстарды байқауға болады.
Жобалардың ішінде латын қарпіне ауыстырғанда, қазақтың төл дыбыстарына негізделуін талап ететіндер, А.Байтұрсыновтың әліпбиі негізінде жазылса дұрыс болар еді дейтіндер, компьютердің клавиатурасындағы 26 латын әріпіне 42 әріпті сыйдыру жағын жақтайтындар, латын әліпбиінің негізгі нұсқасын алып, үндестік заңына байланысты бірлескен әріптермен жасау қиын емес дейтіндер, кейбір тілдердегі сияқты дыбыстарды 2-3 әріптермен берейік дейтіндер, төл дыбыстарға жаңа символдар дайындауды ұсынатындар, төл дыбыс­тарды белгілеу үшін төбесіне нүкте, үтір, сызықша сияқты белгі қоюды қалайтындар, сондай-ақ, түркі жұртына ортақ 34 таңба үлгісін ұсынған ұсынымдарды іріктеп алуды қолдайтындар т.с.с бар.
БАҚ-тарда жарияланған мақалалардың көпшілігі латын әліпбиін ресми бекіткен күні бәріміз әліпбиімізді бір уақытта латын қарпіне көшіріп жіберетіндей әсер қалдырады. Шын мәнінде олай емес екендігін қарапайым халыққа түсіндіру жұмыстарын белсенді жүргізуіміз керек. Мемлекеттік маңызы зор бұл мәселе бойынша арнайы Мемлекеттік бағдарлама қабылданып, латын қарпіне көшу кезеңдері нақты көрсетіліп, қаржыландыру жолдары, оның экономикалық негіздері жасалып, әр кезеңдерге арналған нақты міндеттерді іске асыратын мемлекеттік органдардың жауапкершілігі тиянақталып, толық жаңа жазуға көшу мерзімі көрсетілетіндігі жайлы бүгіннен бастап жазылуы да керек, айтыла беруі де керек. Қорыта айтқанда, көпшілікке ақпараттық мәліметті дер кезінде жеткізуді қамтамасыз етуге көңіл бөлгеніміз жөн. Сонда ғана қолға алынып отырған күрделі мәселеде пікірталасты азайтып, нақты бір бағытта жүргізуге мүмкіндік туар еді дегіміз келеді.
Елбасымыз Жолдауда: «Біз қазақ тілін жаңғыртуды жүргізуге тиіспіз. Тілді заманға сай үйлестіріп, терминология мәселесінен консенсус іздеу керек. Сонымен қатар, әбден орныққан халықаралық және шет тілінен енген сөздерді қазақ тіліне аудару мәселесін біржола шешу қажет» деп үлкен міндеттер жүктеді. Шынында да, Елбасы айтқандай, терминология бойынша бізде әлі даулы мәселелер жетерлік. Бізде пуризм ағымын ұстанып, бұрынғы француздар секілді бірде-бір шет тілі сөзін алмаймыз деп, терминнің бәрін аударып алу бағытын ұстанатындар да бар. Осындай мақсатпен кезінде халықаралық терминдердің кейбіреулерінің орынсыз баламамен берілгендерін несіне жасырамыз. Мәселен, телефонды –сымтетік, музейді – мұражай, телеграмма – жеделхат, балконды-қылтима, ресторанды – онда ас беру рәсімін де өткізетіндігімізге қарамастан мейрамхана деп аударып алдық. Академик Шора Сарыбаев ұстазыммен бірге бұл мәселенің орынды шешілу жолдарын қарастыру мақсатында ғылыми отырыс­тарда, бұқаралық ақпарат құралдарында, қоғамдық пікір тудыру мақсатында өз ой-пікірімізді кезінде білдірген болатынбыз. Халықаралық терминдерді қазақшаға аударуда басшылыққа алатын ұстанымдарды жариялағанбыз. Біз халықаралық терминдерді аудару ісінде сақ болуға шақырдық. Жұртты шатастырмау жағын көп ойластыру керектігін айтқанбыз. Енді бұл мәселеге Елбасының өзі араласып отыр. Мұның өзі терминжасам мәселесінің аса күрделілігін аңғартса керек.
Күнде өзгеріп, жылдам дамып жатқан қоғам өміріндегі өзгерістерге сәйкес, тіліміздегі терминдер қолданысы да өзгерістерге ұшырап отыруы заңдылық. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде дамытудың ең басты жолдарының бірі – оны ғылым мен техника тілі ретінде одан әрі дамыта түсу және салалық терминологиялық сөздіктерді жасауды бір жүйеге түсіру, ретке келтіру мен жетілдіру болып табылады.
Жеке ғылым салаларының терминдерінің қамтитын түрлі ғылым салалары бойынша құрастырылған сөздіктер саны кейінгі жылдары арта түскенін байқауға болады. Әрине, бұл – қуанарлық жағдай. Бірақ, әр кезеңде жарық көрген кез келген терминологиялық сөздіктер теориялық лексикография талаптарына толық жауап береді деп айтуға әлі ерте.
Жарық көрген терминологиялық сөздіктердің кемшіліктері ретінде кең қолданысқа ие бола алмаған, сәтсіз жасалған терминдердің сөздіктерге енгізіліп кетуін, халықаралық терминдерді қазақшалағанда 2-3 нұсқасын қоса беру, терминдердің әр сөздікке әртүрлі нұсқада енгізілуі, сондай-ақ, Мемлекеттік терминология комиссиясында бекітілмеген, мамандардың жеке өзінің бастамашылдығымен басылып кеткен сөздердің көп екендігі байқалады. Айтқан кемшіліктерді жою үшін келешекте жарық көретін терминологиялық сөздіктерді жасау тұжырымдамасы, жаңа үлгідегі сөздіктер түзуде қандай ұстанымдарды басшылыққа алу керектігі және халықаралық терминдердің қазақша баламаларын қолданысқа түсіруде қандай ұстанымға иек артуымыз қажеттілігі туралы мәселелерді белгілі терминолог-ғалым, академик Өмірзақ Айтбай басқарып отырған халықаралық «Қазақ тілі» қоғамның белсенділерімен бірлесіп, ақылдасып шешкеніміз орынды болар еді.
Елбасымыздың терминология мәселесін Үкімет реттегені жөн деп жол көрсетуі мемлекеттік терминология комиссиясының жұмысын одан әрі жетілдіре түсу керектігін айқындап берді. Ендеше, алдағы уақытта осы комиссияның құзыретін арттырып, Үкіметтің жанындағы тұрақты комиссия түрінде қайта құру керек деп ойлаймыз. Ол жерде барлық ғылым саласы бойынша маман кадрлар жалақысын алып, тұрақты түрде жұмыс істеулері, ал біз секілді ғалымдар өз салалары бойынша сарапшы ретінде қорытындылар әзірлеуге тартылса құба-құп.
«Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеу­ге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді. Қазақ тілі туралы айтқанда, істі алдымен өзімізден бастауымыз керектігі ұмыт қалады. Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс. Тағы да қайталап айтайын: қазақ қазақпен қазақша сөйлессін», деп айтқан Елбасымыз бұл мәселеге бей-жай қарамау керектігін тағы да баршамыздың есімізге салды. Ендеше, қазақ тілінің шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілуіне, ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселеге әрбір азамат өзінің хал-қадерінше атсалысып, мемлекеттік тіліміздің дамуына өзіндік үлесін қосуға тырысуы керек.
Кәрімбек ҚҰРМАНӘЛИЕВ,
Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор.