Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

Ұлы дүниелер ұлт тілінде ғана жасалады

27 Желтоқсан 2012 | 6:15


Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті, академик Өмірзақ Айтбайұлымен сұхбат

– Өмірзақ Айтбайұлы, сіз бүкіл саналы ғұмырыңызды ана тіліміздің тағдырымен байланыс­тырып келесіз. Осы жолда зерттеулер жүргіздіңіз, ана тілінің мәртебесі үшін күресудесіз. Жалпы сіз тіл майданына қалай келдіңіз және қазақ тілінің болашағы туралы қандай ой түйдіңіз?
– Оның рас, қарап отырсам мен тіл майданына өткен ғасырдың алпысыншы жылдары келіп қосылған екенмін. Ол кез Кеңес Өкіметінің әбден күшіне мініп нығайған, қазақ тілінің тынысы күннен-күнге тарылып бара жатқан тұс еді ғой. Қазақ балабақшалары мен қазақ мектептері жаппай жабылып, Алматы қаласында жалғыз ғана қазақ мектебі жұмыс істеді. Сол кезеңде Алматы шаһарында оқып, үйленіп, қызметіне енді іліге бастаған жас мамандар алдынан шешуін тілеп тұрған күрделі мәселелердің бірі де осы еді. Бірде-бір қазақша балабақшасы жоқ, мектебінің де сыйқы шамалы орталық қалада дүниеге енді келе бастаған сәбилерімізді қай жерде, қай тілде тәрбиелеу керек деген проблема алдымыздан көлденең шықты. Бұл мәселені алдымен Т.Әлімқұлов, Ш.Смақанұлы, Р.Бердібайұлы, Т.Кәкішев, Ж.Молдағалиев, С.Шәймерденов сынды ағаларымыз қозғады. Олар газет-журналдар арқылы өз ой-пікірлерін ашық айтып, ой тастады.
Жоғарыда айтқан мәселе менің де алдымнан шықты. Балаларымның тілі шыға бастаған. Үйде қазақша сөйлеуге тырысамыз, ал сыртқа шықса болды, орысша сайрай жөнеледі. Қарындасымның екі қызының да тілі орысша шыққан. Қазақша тәрбиелейтін балабақша іздей бастадық. Атымен жоқ. Інімді қазақ мектебіне берейін деген ниетімнен де түк шықпады. Сол кездегі №12 жалғыз қазақ орта мектебін бұрынғы орнынан (Комсомол мен К.Маркс көшесінің қиылысындағы) Көктөбе жаққа көшіріп, екі қабатты шағын 7 жылдық мектеп үйіне тығып тастапты. Қаланың жан-жағынан қатынайтын қазақтар мектеп жасындағы балаларын амалсыз тұрған жеріндегі орыс мектебіне беруге мәжбүрленген. Сол кезде ұлттық санасы ояна бастаған менің жоғарыда аты аталған замандастарым ұл-қызын жетелеп, осы №12 мектепте бастары түйісе бастады. Сондай-ақ бақша жасындағы балаларын орыс балабақшаларына амалсыз бере бастаған ата-ана өкілдерін бұл мәселе қатты ойландырды. Бұл сол кездегі қазақ зиялыларының алдында тұрған өмірлік мәселе болатын. Мемлекеттік тұрғыда шешілуге тиісті шаруа екенін біле тұра, әрқайсысымыз өзімізше әрекет етіп ұрпағымызды ана тілінен мақұрым қалдырмаудың әдіс-тәсілдерін өзімізше ойластыра бастадық.
Осы орайдағы әрекеттерімізді мен «Тіл майданының естен кетпес соқпақтары…» атты мақаламда тарата баяндағанмын. Сондықтан оған көп тоқталмай, қысқаша айтып өтейін.
Өзара ақылдасу, кеңесу барысында қазақ мектебінің ауыр халі жөнінде, қазақ балабақшаларын ашу туралы СОКП Орталық Комитетіне көпшілік атынан өтініш жолдадық. Өтініште қазақ мектебімен бірге үлкен әлеуметтік, мәдени маңызы зор мәселе ретінде қазақша балабақшалар ашу да сұралды. Ата-аналар комитетінің атынан топ құрып, аудандық оқу бөлімінен министрлікке дейінгі, аудандық партия комитеті мен Орталық Комитет аралығындағы мәселе шешеді-ау деген мекемелердің бәрінің есігін аштық. Алайда құр уәдеден басқа нәтижеге жете алмаған соң негізгі тілектер, жазылған өтініштерді алып Саламат Шалабаев Мәскеуге аттанды. Ол 1963 жылдың қараша айының 6-сында СОКП Орталық Ко­митетінде болып, мән-жайды түсіндірген. Сөй­тіп, ол Мәскеуден Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысына телефон соғып, осы мәселе­ні қарауды тапсырыпты. Осындай сергелдеңдердің арқасында біздің қойған талаптарымыздың бәрі шешімін тапты. №12 қазақ орта мектебі қалпына келтірілді. Алматы қаласындағы алты ауданда да балабақшалар ашылды. Әсіресе осы мәселе бойынша біз алдынан өткен бастықтардың ішінде мәселені жанашырлықпен түсініп, іш тартып, жылы қабақ танытқан қалалық атқару комитетінің төрағасы Е.Дүйсенов болатын. Алайда қазақ тілінің мүшкіл халі бәрібір түзеле қойған жоқ. Бүкіл Қазақстан аумағында 700-800-ге таяу қазақ мектебі айдың, күннің аманында өзінің өмір сүруін тоқтатты. Бұл кезіндегі партия саясатының «жемісі» еді.
Сонда таңғалғаным, бар бәле өзімізде екен. Еліміздегі қазақ балабақшалары мен мектептерін Ресейден келіп ешкім жапқан жоқ. Олар «шаш ал десе, бас алатын» өзіміздің атқамінер пысықайларымыз екен. Сол дерттен әлі күнге дейін толық арыла алмай келеміз. Мұны айтып отырғаным, сол кездегі өмірлік жағдайлар мені табиғи түрде Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына алып келген екен.
Ал қазақ тілінің болашағына келсек, тіліміздің болашағы – зор. Бұл жай лепірме сөз емес. Ғылыми тиянағы бар сөз. Қазақ тілінің мықтылығы, ол әрі көне әрі жас тіл. Тілімізде түркі тілдерінің оғыз, қыпшақ, қарлұқ тармақтарының барлығының элементтері сақталған. Бойына отырықшылық және көшпелі мәдениеттің белгілерін бірдей сіңірген. Табиғи қуаты мол, құнарлы, нәрлі, таза тіл. Біз сол қуатқа жалғана алмай жатырмыз. Сол қуатқа жалғансақ, қазақ елі дамудың шырқау шыңына шығады.
– Сонда тілдің дамуға тікелей әсері бар ма?
– Әрине, тікелей байланысы бар. Шындығын айтсақ, ана тілін білмейтіндер, меңгермегендер елдің дамуына тежегіш болып отыр. Мұны олардың өздері сезбеуі мүмкін. Бірақ ақиқат осы. Бұған қарсы уәж айтушылар табылуы мүмкін. «Құрғақ тілмен қай жерге дейін барасыңдар. Мемлекеттік тілді білмесе де маман қажет» деп. Әрине, маман да қажет. Оны сырттан шақырып алуға да болады. Қазір кейбір қат мамандарды қыруар қаржы төлеп шетелдерден жалдап алып жүрген жоқпыз ба?! Тіпті Елбасының кеңесшілігіне де Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр жалдап алынды. Бірақ дана қазақтың «өзіңнен тумай ұл болмас, етектен кесіп жең болмас» деген тәмсілін ұмытпағанымыз жөн.
Гете айтқан екен: «Ұлы дүниелер тек ұлт тілінде ғана жасалады» деп. Бұл рас. Біз өзге ұлттың тілінде сөйлеу арқылы, іс жүргізу арқылы қарнымызды тойдырармыз. Белгілі бір деңгейде экономикалық жетістіктерге де жетерміз. Бірақ тәуелсіздігі баянды, жоғары дамыған, басқалар санасатын ұлы ел бола алмаймыз. Өйткені ұлылықты, дамуды азықтандыратын рух болмайды. Рухтың негізі тілде жатыр. Туған тіл бізді тамырымызбен байланыстырады, сөзімізге, ісімізге, ойымызға жан береді. Ал жансыз, рухсыз ұшпаққа шыға қоюымыз неғайбыл.
Бір ғана мысал келтірейін. Қазір ағылшын тілін жақсы меңгерсе, дамып кетеміз деген сөздер айтылуда. Мысалға жан саны жағынан қарайлас Қытай мен Үндістанды алайық. Қытай халқының 5 пайызы ағылшын тілін меңгерген. Ал Үндістанның 95 пайызы ағылшын тілін біледі. Ал енді екеуінің экономикалық даму деңгейіне қараңыз. Аспан мен жердей емес пе. Тарих өз тілін ысырып қойып, өзге тіл арқылы ұшпаққа шыққан елді көрген жоқ, білмейді де. Ал Жапон елі екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ана тілі мен ата дәстүріне мықтап ден қойды. Бүкіл тіршілік жүйесін ұлттық ұстынға негіздеді. Сол арқылы әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінің сапына көтеріліп отыр. Біз осындай тәжірибелерден сабақ алуымыз керек.
Тіпті елде жемқорлықтың етек алуының бір себебі де тілге келіп тіреледі. Өйткені тіл білмейтіндер мен ана тілін менсінбейтіндер Қазақстанды уақытша мекен санайды, оның болашағына сенбейді, өздерінің, ұрпағының болашағын Қазақстанмен байланыс­тырмайды. Қазіргі мүмкіндікті пайдаланып, тек қалтасын толтыруды ғана ойлайды. Қазақстанның дамуы, жеке тәуелсіз ел болуы, мемлекеттік мүддесін қорғау секілді нәрселермен бастарын ауыртпайды. Тек бір күндігімен, жеке мүддесін алға шығарумен өмір сүреді. Бұлай болмаса, қаражатын шетелдік банктерге салып, жаппай шетелдерден үй алып қояр ма еді. Мұның барлығы да осы мәңгүрттік дертіне шалдыққандардың кесірінен болып отыр.
Енді мәселені ашық әрі төтесінен қоюымыз керек. Мемлекеттік қызметке, ұлттық компаниялардың басшылығына, банктердің басшылығына қазақ тілін білетіндерді ғана қоюды талап ету қажет. Жеке банктердің басшыларын тағайындауға Ұлттық банк рұқсат береді. Сондықтан Ұлттық банк осыны талап етуі керек. Ол үшін Ұлттық банктің өзінің басшысынан мемлекеттік тілді білуі талап етілуі керек. Қазақ тілін білмеген адам қазақтың мүддесіне қызмет етпейді.
– Өзіңіз басқарып отырған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы осы бағытта қандай жұмыстар атқаруда?
– «Қазақ тілі» қоғамы – қоғамдық ұйым. Қоғамның жұмысын мемлекет өмірінен бөліп қарау­ға болмайды. Қоғамның қызметі де қоғамымыздың айнасы секілді. Елде орын алған көкейкесті мәселелерден қоғамның сырт қалған кезі жоқ.
Қоғам өзіне алған жарғылық міндеттерінен ешқашан тайған емес. Бар мүмкіндіктерді пайдалана отырып, жұмысын жалғастырып келеді. Қиын-қыстау кезеңдерге қарамастан, жергілікті жерлердегі филиалдарымызды сақтап қалдық. Онда уақыт сүзгісінен өткен нағыз тіл қайраткері болып қалыптасқан азаматтар қызмет атқаруда.
Қазіргі кезде қоғам заман ағымына орай жобалық жұмыстарға басымдық беріп отыр. Қазақ тілінің өрісі мен кеңістігін ұлғайтуды көздейтін «Қазақ кітабы», «Қазақ мектебі», «Өлкетану» секілді жобаларды қолға алып, жүргізіп келеміз. Бұларды жергілікті әкімдіктермен бірлесе отырып атқарудамыз. Жобалар өз нәтижелерін беруде.
Әсіресе еліміздің солтүстік облыстарына басымдық бермекпіз. Осы мақсатта Қоғам қызметкерлері биылғы жазда Ақмола облысының аудандарын аралап, өңірдегі мемлекеттік тілдің ахуалымен тікелей танысып шықты. Облыс әкімі Қ.Қожамжаровпен бірнеше рет кездесіп, ынтымақтастық туралы меморандум жасау туралы келісімге қол жеткіздік. Жаңа әкім Қ.Қожамжаровтың руханиятқа деген көзқарасы өте жақсы екен. Қызметке келгеніне аз уақыт болғанына қарамастан, ұлтқа қажетті біршама істерге мұрындық болып отырғанына көз жеткіздік.
– Байқасаңыз қазіргі кезде қазақ халқы артына көп қарайтын секілді. Елдің зиялы деп жүрген адамдарының өзі өткен шақ туралы айтуға көп көңіл бөледі. Жазушыларымыз да тарихи тақырыптарға көбірек қалам тартқанды қолайлы көреді. Болатын ел, дамуға құлаш ұрған жұрт болашақ туралы, даму туралы жиі әңгіме қылатын еді. Жасыратыны жоқ, мұндай сөз тек Елбасының ғана аузынан шығады. Ал қазақтың зиялы қауымы қазіргі кез бен болашақ туралы айтуға келгенде сараң. Бұл құбылысты қалай түсіндірер едіңіз?
– Бұл өтпелі кезеңде орын алатын құбылыс секілді. Дүбірлі өзгерістер орын алып, қалыптасқан өмір салты мен ұғым түсініктер басқаша мәнге ие болған кезде қарапайым халық қана емес, зиялы қауымның өзінің абдырайтын сәттері болады. Бұл тек қазақ зиялысының басындағы ғана жағдай емес. Сондықтан бұдан мәселе тудырып қажеті жоқ. Өткенге үңілу арқылы адам өзін табуға, тануға ұмтылады. Тарих тереңіне бойлау арқылы халық тамырына байланады. Қабілет қарымын шамалайды. Сол арқылы болашағына болжам жасап, алға қадам басады.
Біз біршама уақыт төл тарихымыздан алшақтап қалдық. Сондықтан тарихымызды білуге жаппай ұмтылуымыз заңдылық. Қазір құндылықтарды електен өткізу үстіндегі елміз. Тарихымызды танып, жоғалтқанымызды біршама тапқан секілдіміз. Болашаққа қарап бой түзеу енді басталатын сыңайлы.
Рас, алда бағдар болмаса, ұмтылатын мақсат болмаса, ой шашырайды, күш ысырап болады. Осыны ескеріп, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «2030 даму стратегиясын» ұсынды. Бұдан бөлек соңғы кездері шығармашылық топ арасында қазақ елінің болашақ даму бағдары қандай болуы керек деген сыңайдағы әңгімелер жиі-жиі айтыла бастады. Жанұзақ Әкімнің «Түркі өркениеті негізіндегі Қазақ идеясы» деген кітабы, Берік Әбдіғалиұлының «Қазақ миссиясы» деген еңбегі осы бағыттағы ізденістер деп ойлаймын.
– Сөз жоқ, еліміздің тәуелсіз даму тарихында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының өзіндік орны бар. Қоғам заман алдына тартқан міндеттерді қал-қадарынша атқарды. «Қазақ тілі» қоғамының ендігі беталысы қалай?
– Әрбір істе де заман талабын ескеріп отырудың жөні бөлек. Бұдан «Қазақ тілі» қоғамы да сырт қалмайды. Оның үстіне қазір қоғам жаңарды, адамдардың санасы өзгерді, құндылықтар түледі. Соған сай біздің де өз жұмысымызды өмір сұранысына орай ұйымдастыруға мән беріп отырамыз.
Естеріңізде болса, былтыр Көкшетау қаласында Қоғамның 5-құрылтайын өткіздік. Құрылтай барысында жалпы тілдік мәселелерден тартып, қоғамның ішкі жайларына да тоқталдық. Құрылтай қатысушыларының ұсыныс-пікірлері ескеріле отырып, арнайы шешім қабылданды. Қазіргі кезде сол шешімді орындау үстіндеміз.
Әлбетте, біздің Жарғыда көзделген негізгі мақсатымыз, басты ұстанымдарымыз өзгермейді. Дегенмен, уақыт ұсынған жаңа өзгерістер мен тың талаптарға орай өз қызметімізді ұйымдастыру тәсілдерімізге тиісті өзгерістер енгіздік.
Құдайға шүкір, қазіргі кезде мемлекеттік тіл мәселесімен айналысатын ұйымдардың қарасы көбейді. Арнайы ресми мекемелер бар. Тіл оқыту орталықтары жұмыс жүргізуде. Қоғамдық ұйымдардың да саны бірталай. Осыған орай біз бұдан былай тіл мәдениетіне көбірек басымдық беріп отырмыз. Еліміздің тіл саясаты негізінен мемлекеттік тілді меңгертуге бағытталса, енді оның сапасына ерекше көңіл бөлетін уақыт жетті. Осыны ескеріп біз қазақ тілінің өзінің алуан түрлі мәселелерін сөз ететін «Тіл тағылымы» халық университетін қайта жаңғырттық. Осы тектес бірнеше жобаларды қоса атқарып отырмыз.
– Сіздер халықаралық ұйым болғандықтан, шетелдердегі қазақтармен байланысып отыратын шығарсыздар?
– Әрине. Шетелдерде 5 миллион қазақ мекендеп жатыр. Бұл бар қазақтың жартысына жуық сан. Сондықтан мұны назардан тыс қалдыруға болмайды. Осы мақсатта біз белгілі деңгейде шеттегі қазақтармен байланысып отырамыз. Өкілдіктерімізді аштық. Қазіргі кезде Мәскеу өңірлік «Қазақ тілі» қоғамы өнімді еңбектенуде. Өздерінің газеттері, сайттары бар. Сол секілді Түркия, Германия, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Иран елдерінде өкілдеріміз бар.
Қазіргідей қарқынмен сырттағы бес миллион қандастарымызды елге көшіріп алу мүмкін болмай тұр. Сондықтан оларды сол тұрған жерлерінде қазақтығынан айырмай сақтаудың бір шарасы ретінде «Абай үйлерін» ашуды мәселе етіп көтеріп жүрміз. Тиісті мекемелер қолдаса, бұл ұсынысымыз іске асатын шығар деген ойымыз бар.
– Қоғамның жергілікті жерлердегі жұмыстары туралы айтып өтсеңіз?
– Қазіргі кезде қоғамның барлық облыстарында филиалдары бар. Олар шамасына қарай өздеріне тиісті жұмыстарын атқаруда. Бірінде қарқынды жүрсе, енді біреулерінде самарқаулық бары жасырын емес. Қызылорда, Ақтөбе, Павлодар облыстарындағы, Жезқазған қаласындағы филиалдарымыздың жұмыстары жүйелі жүруде.
Өздеріңізге мәлім, еліміздің жер көлемі, этнодемографиялық жағдайы, тілдік ахуалы біркелкі емес. Осыған орай әр өңірдегі ұйымдарымыздың жұмыстары да өздерінің жергілікті жағдайы ескеріле отырып жүргізілуі тиіс. Өйткені еліміздің оңтүстігі мен батысындағы тілдік ахуалды солтүстіктегі жағдаймен салыстыра алмаймыз. Дегенмен, ортақ мәселелер жеткілікті.
Қоғамның орталық аппараты тоқсаныншы жылдары ортақ жоспар жасап, бүкіл филиалдарға тарататын еді. Мұнда жергілікті жағдайлар толықтай ескерілмейтіндіктен, кейінірек бұдан бас тарттық. Әр филиалдың өз аймағының ерекшеліктеріне қарай өз жоспарын жасап, іске асыруына мүмкіндік бердік.
«Ана тілі» газеті қоғамның қызметіне арнап тұрақты бет ашуын қолдаймыз. Өңірлердегі филиалдарымыз мұны қуаттайды деп сенемін. Қоғамның жергілікті ұйымдарының басшылары материалдарыңызды тұрақты түрде Қоғамның qazaq-tili@mail.ru деген мекеніне жолдағандарыңыз жөн.
– Жастар тарапынан қолдау таппаған кез келген істің болашағы жоқ. Елдің келешегі – білімді жастары. Қазақстанның жастары жан-жақта білім алып, бірнеше тілдерді меңгеріп, Отанымызға оралып жатыр. Елбасы ұсынып отырған үш тілді жетік білу саясаты туралы қандай пікіріңіз бар?
– Үш тілді меңгеру деген Елбасы саясатын түсінемін, қолдаймын, қуаттаймын. Бірақ осы Елбасы тастаған ұран тектес ұғымды жұрт сан-саққа жүгіртіп, әр жаққа тартып жүрген адамдар бар. Егер мүмкіндігіміз жетсе, одан да көп тілді меңгергенге не жетсін. Тарихтан білеміз, 30-40 тіл меңгерген полиглот адамдар бар. Бірақ біздің міндет ең алдымен, өз ана тіліңді білу. Ана тілін білмеген адамның қанша білімді болса да, қанша көп тілді меңгерсе де өз ұлтына беріліп қызмет етуі мүмкін емес. Бағалы маманды сырттан шақырып алуға болады, ал ұлтқа шынайы қызмет ететін, ұлтының жан дүниесін терең білетін азаматты қайдан аларсың. Сондықтан біз ана тіліне барынша көңіл бөлуіміз керек.
Бұл орайда қазақ азаматтары алдымен бірінші кезектегі міндеттерін белгілеп алуы керек. Мемлекеттік тілді, ана тіліңді қаншалықты игердің, ел алдындағы парызыңды қаншалықты түсіндің дегенді анықтап алу керек. Үш тұғырлы тіл дегенді басқаша түсініп жүрген адамдар бар. Елбасының көтеріп отырғаны – ел басқарған адамдар бір тілмен шектелмей, әлемдік тілдерді меңгерсін, солармен иықтассын деген алысты көздеген мақсат. Ағылшын тілін меңгеру қазақ баласына да керек дүние. Екі тілді қоса меңгерсе, қоғамның табысы да мол болады деп ойлаймын. Бірақ қалған тілдер ана тілі деген тұғырға табан тіреуі керек.
Сондықтан Елбасы саясатын қолдаймын. Одан қашқақтаудың қажеті жоқ. Мүмкіндігінше атсалысу керек.
– Ұлттық мәдениет пен ана тілі – егіз ұғым. Бүгінгі бүлдіршін ертеңгі елі мен жерінің қамын ойлайтын азамат атануы үшін бастауыш сыныпта барлық бүлдіршіндерді ұлтына қарамастан мемлекеттік тілде оқыту мәселесіне қалай қарайсыз?
– Бұл менің көптен көтеріп жүрген мәселем. Қазақтың үлкен-кішісінің қазақ тілін игермегені – қасірет, кемшіліктің ең үлкені сол. Мұны о бас­та қазақ тілінің барлық мәселесін көтерген ­А. ­Байтұрсынұлы айтқан. Баланы бастауыш сынып­та өз ана тілінде оқыту А.Байтұрсынұлының принци­пі. Мен соны қуаттаймын. Ол кісі ең алдымен бар­лық қазақ баласы бастауышты қазақша оқысын де­ген. Ол кезде Ахмет Байтұрсынұлының Кеңес Одағы­ның кезінде қызмет жасағанын ұмытпауымыз керек. Ұлы ағартушы өз ойын толық ашып айта алмаған. Менің бұған қосарым қазір біз тәуелсіз ел болғандық­тан, біздегі барлық азамат ұлтына, жынысына, тіліне қарамастан мемлекеттік тілде білім алуы керек. Өйткені олардың барлығы да Қазақстан азаматтары. Осы жердің суын ішіп, абырой-атағына ортақ болып жүр. Сондықтан балабақша, орта мектептердің бастауыш сыныптарының барлығы мемлекеттік тілде білім беруі керек. Менің ұстанымым осы.
– Әңгімеңізге рақмет. «Қазақ тілі» қоғамының жұмысына табыстар тілейміз.

Нұрперзент Домбай

«Ана тілі» 22.12.2012