Қысыр сөзге жолама.

Қожа Ахмет Йассауи
56e6c5a329d74355f536914ef1275bda

Біліп айтқан сөзге құн жетпейді, тауып айтқан сөзге шын жетпейді.

Төле би
Tole-Bi-252x300

Жасына қарай отырып, жағына қарай сөйлер болар.

Қазыбек би
kazybekbi

Жол анасы - тұяқ, сөз анасы - құлақ, су анасы - бұлақ.

Сырым Датұлы
syrymdatuly

Тіл - қай халықтың болсын басты белгісі.

Шоқан
200px-Chokan_Valikhanov_portrait

Тілде сүйек, ерінде жиек жоқ.

Абай
abaii

Тіл - бұлбұл, сөз бұлақ.

Шәкәрім
shakarimm1

Нағыз түрік затты халық тілі - біздің қазақта.

Әлихан Бөкейханұлы
alikhanb

Бәрін айт па, бірін айт - сөздің тұрар жерін айт.

Ахмет Байтұрсынұлы
ahmetb

Өз тілін өзі білмеген ел - ел болмайды.

Халел Досмұхамедұлы
halel

Тіл - адам жанының тілмашы.

Мағжан
uMK28l63Mn7E0K535NwsVM4s3oOXwT

Кеңсе тілі қазақша болмай, іс оңалмайды.

Сәкен
sakenn

Тіл түйгенді тіс шеше алмайды...

Махмұд Қашқари
quote_avatar

«Періште тілек» бала Жамбылдың тұңғыш жинағы

13 Қыркүйек 2012 | 5:49


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қорында еліміздің тоғыз жастағы ең жас ақыны Жамбыл Дүйсенұлының «Періште тілек» атты тұңғыш өлеңдер жинағының тұсауы кесілді.
Шын мәнінде, жаңа туған күндей жарқы­рап шыққан жас ақын Жамбылды бүкіл тілеулес елі-жұртына, байтақ Қазақстанға жар сала та­ныстырып, зор сүйінішпен аталық ақ бата­сын беріп алғаш тұсауын кескен Елбасымыз Нұр­сұл­тан Назарбаевтың өзі болатын. Сол жағ­дай­ды еске алар болсақ, 2011 жылдың 15 жел­тоқ­санында Қазақстан Тәуелсіз­дігі­нің 20 жылды­ғына арналған салтанатты жи­ында Нұр­сұл­тан Әбішұлы өзін бүгінгі жас ұрпақтың қа­рыш­ты қадамы қуантып, сергек санасы тебірентетінін айта келе, «Егемен Қа­зақ­стан» газетінде жеті жастағы Жамбыл деген баланың жазған өлеңін көпке сүйіншілеп жария еткені жады­мызда. Елбасы келтірген шумақ мынадай еді:

«Мектеп табалдырығын жаңа аттаған қаршадай баланың бұлай жырлауы үмітімізді арттырады, осылай ойлауы бізді қуантады. Біз осындай жастарды тәрбиелеуіміз керек. Ендеше, біздің болашағымыз – жарқын, келешегіміз – кемел» деген Елбасы кішкентай Жамбыл­дың жүрек жалынынан, отты жырларынан күл­лі жастарымыздың бейнесін көріп, Тәуелсізді­гі­міздің болашағын танып бағдарлағандай еді.
Айта кететін жайт, жас ақын азаттығы­мыз­дың алтын бесігі саналатын Алматыда дүниеге келген. Оның ата-анасы қазақ жырының қа­сиет-киесіне айналған ұлы ақындар Жамбыл Жабаев пен Мұқағали Мақатаевтың жерлестері. Ақсақалдардың айтуынша, осы және басқа да ұлы бабалардың рухы сәбиге кішкентайы­нан, туа сала, тіптен құрсақта жатқан кезінде-ақ дарыған көрінеді. Қалай болғанда да ба­ла­ның ерекше қабілеті ерте байқалған. «Алпамыс батыр» жырында «Алты күнде күліпті, Алпыс күнде жүріпті» деп айтылғандай-ақ, Қызыл жолбарысты Жәкеңнің есімін еншілеген Жам­был бала екі жасында әліпбидің барлық әріп­те­рін білсе, үш жасында газет-журналдарды еркін оқыған. Одан соң Алматыдағы № 131 Бауыр­жан Момышұлы атындағы мектеп-лицейге оқу­ға беріліп, бір жылда қатарынан екі сыныпты бітіріп, үшінші сыныпқа өтеді. Айна­ласын­да­ғыларды әдебімен де, ақылымен де, жанының сергектігімен де таңғалдырудан жазбай келе жатқан дарынды бала қазіргі таңда алтыншы сыныптың оқушысы екенін айту ләзім.
Әкесі Дүйсен атақты Сүйінбай-Жамбыл елінің тумасы болса, анасы Кәмшат кәдімгі Хан­тәңірі баурайындағы Қарасазда туып-өскен, Мұқағалидың аталас туыс қарындасы. Ұлы ақынның аттасы өз құралыптастарынан өз­ге­ше болып өседі. Оны ойыншықтар қызық­тыр­майды. Талпынып тәй-тәйлап жүргенінен-ақ кітап пен қаламға жармасады, жазу мен сурет салуды қалайды. Ол өзінің алғашқы өлең шумақтарын төрт-бес жасында анасына, әже­сіне арнап жаза бастайды.

Баласының осындай дарындылығын бай­қап, оны дамытуға мүмкіндік туғызған ата-ана­сына мың рахмет дегіміз келеді. Дәлірек айт­қанда, анасы Кәмшат бес жарым кило болып, үлкен қиындықпен өмірге келген ерекше пешенелі балпанақтай сәбиінің болашағын бол­жа­ғандай екі жасында оған қазақ әліпбиінің 42 қарпін түгел үйретеді. Өзі қазақ тілі мен әде­биеті пәнінің ұстазы болғандықтан, келе-келе ұлына көркем өлеңнің негізі туралы әңгімелеп айтады. Жас Жамбыл қазақтың классикалық әдебиетімен – Абайдың, Жамбыл Жабаевтың, Мұхтар Әуезовтің, Бауыржан Момышұлының, Мағжан Жұмабаевтың, Сәкен Сейфуллиннің, Қасым Аманжоловтың, Мұқағали Мақа­таев­тың, Мұхтар Шахановтың және басқа ақын-жазушылардың шығармашылығымен жақсы таныс. Онымен тілдескенде баланың сөздік қо­ры, білімі, көп оқығандығы, өзін ұстау мәде­ние­ті, ересектерше ойлауы еріксіз қайран қал­дырады. Қазірдің өзінде ерекше феномен, вундеркинд танылған бала ақынның айтуынша, құлағына сыбырлаған, сылдырап санасына құйыл­ған сөздер оған жоғарыдан келеді.
Баяғы Сүйінбай, Жамбыл бабалары сияқты, бүгінгі бала Жамбыл да аламан бәйгелерге, шар­шы топтың алдына шығуға төселіп-ақ қал­ған. Қабілетін қалың көпшілік алдында талай мәрте дәлелдеп те жүр. Өз мектебіндегі поэзия байқауында бас жүлде алса, одан кейін жеті жасында Ұлы Отан соғысының 65 жыл­ды­ғына арналған жас дарындардың республикалық байқауында, Бауыржан Момышұлының 100 жылдығы мен Мұқағали Мақатаевтың 80 жыл­дығына арналған мүшәйраларда тағы да же­ңімпаз атанған.
Осы дарынды балаға аталық қамқор қолын созған тағы бір адам бар. Ол – қазақ рухания­ты­ның көрнекті қайраткерлерінің бірі, абыз ағамыз Мырзатай Жолдасбеков. Мырзекең бала Жамбылдың дабысын естіген соң ойға қа­лып, осының өзі рас па, өтірік пе деп өспірім та­лант иесін 2011 жылғы Наурыз мейрамында Астанаға алдыртып, жиылған көпшілікпен бірге отырып өлеңдерін тыңдайды. Сонда жас Жамбылдың өнеріне жұртшылық аяғынан тік тұрып қол соғады. Мырзекеңнің өзі баламен ұзақ әңгімелеседі. Оның шын ақын екендігіне көзі жетіп, көңілі толады. Сөйтіп, сәуір айында Президенттік мәдениет орталығында сегіз жас­тағы оқушы Жамбылдың жеке шығармашы­лық кешін өткізіп, ол кешті өзі жүргізеді. Осын­дай алтын көпірлер арқылы бала Жам­былдың сүйінішті хабарлары Елбасы құлағына жетеді.
«Жас құдіреттің жырларынан қарт Жам­былдың ұлы эпикалық сарынын, Мұқағалидың отаншылдық асқақ үнін естисіз. Жер-дүниенің астан-кестені шығып, бұлқан-талқан болып жатқан заманда осы баланы Алланың қазаққа берген сыйы ма деп қаласың. Көзден, тілден аман болса, жас пері қазақтың сөзін ұстағалы тұрғандай, осы баламен бірге Жамбыл да, Мұ­қа­ғали да, олардың рухы да туған еліне қайтып оралғандай көрінеді» деп толғанған абыз Мыр­зекең: «Мұхитқа ұмтылған бұлақтай бұл бала­ның түбінде өлеңнен өз еншісін алатынына күмәнім жоқ. Тілден, көзден, сұқтан, пәледен, жаладан сақтасын. Алла ғұмырын ұзақ қылып, бақытын биік қылсын! Арманына жетсін» деп алқалап ақ жолға шығарып, ақ батасын беруі­нің өзі қандай ғанибет деп ойладық.
Осындай боталардың қамын ойлайтын аталардың қолдауымен, мінеки, тоғыз жастағы жас ақын Жамбыл Дүйсенұлының алғашқы өлең­дер жинағы өз оқырманына көзайым бо­лып жол тартты. Бұл тырнақалдының Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Президенті – Ел­ба­сы қоры кітапханасының арнайы жобамен шығарылған алғашқы кітабы екендігін Қордың атқарушы директорының орынбасары Ілияс Қозыбаев ерекше атап айтты. Осындай жобамен кітапты шығару идеясы Елбасының Тәуел­сіз­діктің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста айтқан жоғарыдағы сөзінен кейін пайда болыпты. Бала ақынның періште тілекті, пәк сезімді, ізгі ниетті жауқазын жырларының жинағы «Періште тілек» деп аталған екен. Жақсыны көрмек үшін деп ол кітапты біз де үлкен қызығушылықпен оқып шықтық. Елуден астам өлеңді топтаған бұл ерекше кітаптың алғысөзін де Мырзатай атасы жазыпты. Жас жүрек Отанын, ана тілін, туған халқын – қа­за­ғын, елінің тәуелсіздігін, ар-намысты, абзал адамгершілік қасиеттерді жырлайды. Нұрсұл­тан атасына, Тәуелсіздік таңына, ару Астанаға, бақ мекені Алматыға, Ахмет Байтұрсынов пен Дінмұхаммед Қонаев аталарына, Қасым Аманжолов пен Бауыржан Момышұлына арнаған және басқа тақырыптағы өлеңдері шыннан-ақ көңіл тербейді.
Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғайдың сарашылығымен «Раритет» баспа компания­сы­нан 2 мың дана таралыммен 10 баспа табақ бо­лып шыққан әдемі кітаптың аңдатпасында: «Жамбыл Дүйсенұлының «жөргегінде түсіне өлең кірген» ұлы Жамбыл атасы секілді дүйім жұртты аузына қаратар олжалы күндер әлі алда. Ал әзірге «Періште тілек» өз оқырман­да­рын көзайым қылып қуанта тұрарына күмән жоқ. Өйткені, оның жырлары тұрғыластарын тәнті етіп қана қоймай, ересек оқырмандарға да ой тастайды» деп түйген екен. Осы әділ ба­ға­лы сөздерге біз де қол қойғандаймыз. «Тәуел­сіздігім – тәңірден келген тәтті сый» деп тебіренген жас ұланымыздан айналып кеткендейміз. Кішкентай жүрегінен пәк те таза, ұлық та ұлағатты сөздер шығып жатқанына шынайы сезіммен қуанғандаймыз. Оның үлкен адамдарша үлкен ойлар айтып, ірі сөйлеп, кесек турайтынына сүйсінгендейміз.
Өнері мен өлеңіне дүйім жұртты жалт қа­рат­қан бала Жамбыл үшін елден ерек қуан­ған­дардың бірі белгілі жазушы Смағұл Елубай. Ол кішкентай ақынмен көрші тұрады екен. Кішкентай көршісі аулада ылғи «Ассалаума­ғалей­күм!» деп ауыз толтырып сәлем береді екен. Сары балаға жазушы ағасының ықыласы содан құлапты. Ұлттық тәрбиесі тамаша осы баланы жақсы көріп кетіпті. «Қолымызға тиіп отырған бұл кітап ерекше тағдырлы кітап. Оны тоғыз жастағы бала қазақ тілінде жазып отыр. Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл өтсе де ана тіліміздің талайлы да тауқыметті тағдыры бізді әлі де болса алаңдатады. Міне, осы шақта ұлтымыздың жас ұрпағы ана тілінде жырлап, қазақ тілінде кітап шығаруы айтулы оқиға. Халқымыз үшін, бүкіл еліміз үшін, тіліміз бен ді­ліміздің, тәуелсіздігіміздің болашағы үшін бұл оқиғаның маңызы зор. Ұлтымыздың ұрпа­ғы қазақ тілінде жырлай бастады. Бұл үлкенге де, кішіге де үлгі боларлық, ой саларлық үлкен оқиға», – деді ол.
Бір ғажабы, кино мен театрдың аса көрнек­ті қайраткері Асанәлі Әшімов бұл жолы өз тілегін жазушы ретінде білдірді. «Менің жанрым – күнделік» дейтін Асанәлі ағамыз жуырда ғана Жазушылар одағының мүшелігі­не өткен екен. «Мен үшін де, қазақ әдебиеті үшін де бүгін тарихи күн деп есептеймін. Ғажап құбылыстар болады. Ойда жоқ жерден ел таң қалатын дүниелер шығып жатады. ХХІ ғасырдан алда көп нәрселер күтемін. Сол күт­кен жақсылықтарымның басы мына Жамбыл балам деп ойлаймын. Маған енді немере есепті ғой. Ой өрісі ақыл тоқтатқан адамдармен тең. Шынымды айтайын, мен мына кішкентай Жамбылды танимын деп мақтанатын болдым. Студент кезімде Шәмшімен бір бөлмеде тұр­дым. Сонда ұйықтап жатқанда оның құлағына терезеден бір шу естілетін. Сөйтіп оған ән келген. Моцарт төрт жасында құлағын басып жылаған. Оған музыка солай келген екен. Біздің Жамбылдың да дарынын тәңірім өзі көктен түсіргені күмәнсіз. Маған арнап, ішіне менің ұлымды, інісін қосып өлең де жазды. Оған да қуанып қалдым. Жамбылжан, саған айтарым, әлі алда 11, 15, 16 деген жастарың бар. Әлі үлкен адам болып қалыптасуың керек. Сондықтан, саған ғұмыр тілеймін. Жасанды таланттар болады, ал сен тума дарынсың. Ауыл­дың ақылман ақсақалдары, даланың даналары оқымысты академиктерден артық. Өмірден үйрен, көп оқы, классик ақындардан үйрен. Оларды қайталамасаң да елікте, ұқсап бақ. Өткен тарихты оқы. Біліміңді кеңейт. Мына жаңадан шыққан фотоальбомымды са­ған сыйлау үшін кеше баспаханадан әдейі ба­рып алдым» деп Асанәлі атасы жас Жамбылға өз кітабының нөмір біріншісін ұсынды.
Балалар ақыны Сұлтан Қалиев бала ақын Жамбылды алғаш теледидардан көргенде-ақ сүйсінген екен. Бала Жамбылдың бойында жүз жасаған дана Жамбылдың рухы бар сияқты болып көрініпті. Өлеңдерін бала жазған деп ойламайсың. Төрт аяғын тең басқан, рухы биік, сөз қолданысы мен ұйқастары ұнамды дей келе, алда әлі көп қиыншылықтарға кездесесің, оларды жеңе біл, адамдарды сүй, айналайын. Сен біздің үмітімізді ақтайсың деп сенемін деген ақ тілекпен аяқтады сөзін.
«Ең бірінші пірім өлең деген құдіреттің өзі және соның иелері, уақытымның босқа кеткені өмірімнің босқа кеткені деп білемін. Барша­ңыз­ға Алланың нұры жаусын!» деп байсалды сөйлеген байыпты бала ақын «Өзім жайлы» деп аталатын өлеңін шабыттана оқып берді. Тоқсан жастан асқан нағашы әжесі Талшыбық ақ баталы тілегін айтты. Секерхан апасы шашу шашты. Алаштың ақын-жазушыларының қата­ры­на болашағынан зор үміт күттіретін Жам­был Дүйсенұлы атты жас жауқазын ақын қо­сыл­ды. Қабыл алыңыздар, әлеумет…

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
«Егемен Қазақстан».