Астанада Отан қорғаушылар күніне орай Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен Сағадат Нұрмағамбетов атындағы «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілерімен кездесу болып өтті. Іс-шара Мемлекеттік тілді дамыту қорының әлеуметтік серіктесі – «Samruk-Kazyna Trust» қорымен бірге ұйымдастырылды.
Кездесудің мақсаты – өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухында тәрбиелеу, Отанымызға деген сүйіспеншілік және мақтаныш сезімін қалыптастыру, қазақ тілі мен әдебиетін терең меңгеруге, қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен дәстүріне деген қызығушылықтарын ояту және оқушылардың шығармашылық белсенділігін арттыру.
«Жас ұлан» мектебінің тәрбиеленушілері алдында ақын, балаларға арналған шығармалар авторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Нұрлан Қалқа сөз сөйлеп, өз шығармашылығымен таныстырды.
Нұрлан Нұрахметұлы Қалқа 20-дан астам кітаптардың авторы, Ақынның «Аққу-жүрек», «Жыл – он екі ай», «Әке, сені сағындым» атты шығармалары Қазақстан Жазушылар Одағының сыйлықтарына ие болған.
2016 жылы «Мизам шуақ» атты жыр жинағы үшін Қазақстан Жазушылар Одағының Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығымен марапатталды.
Кездесу кезінде Нұрлан Қалқа өз өлеңдерінен үзінділер оқып, шығармашылық жолы туралы жан-жақты әңгімелеп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Кездесу соңында ақын өзінің жаңа кітаптарымен таныстырып, оқушыларға қолтаңбасы қойылған кітаптарын сыйлады. Сонымен қатар, ұйымастырушылар атынан кездесуге қатысушыларға «Тәтті алма» атты 2 томдық жинақтар тарту етілді.
«Жас ұлан» мектебінің ұжымы атынан директордың орынбасары Амантай Жарбосынов болашақ Отан қорғаушылар даярлаудағы қызметтері туралы ой бөлісіп, шараны ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді.
Өткізілген уақыты: 2017 ж. 27 сәуір күні, сағ.15.30-де
Өткізілген орны: Астана қ., Қорғалжын тас жолы, 16/1, «Жас ұлан» республикалық мектебі.
Анықтама:
Әлеуметтік серіктес – «Samruk-Kazyna Trust» – Қазақстан Республикасында қайырымдылық, әлеуметтік маңызы бар бағдарламалар мен жобаларды жүзеге асыратын, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры компаниялар тобы жанындағы әлеуметтік жобаларды дамыту қоры.