4 қараша күні «Назарбаев орталығында» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай өткізген үздік қазақтілді интернет-сайт байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқау мақсаты – интернет жүйесіндегі үздік қазақтілді ресурстарды анықтау мен насихаттауға, ақпараттық ресурстар мен сервистердің саны мен сапасын арттыруға, желі қолданушыларының қызығушылығын ұлғайтуға, ақпарат кеңістігінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және үздіктердің танымалдылығын көтеруге ықпал ету.
Сыйлық құрылтайшысы — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры. Байқау өткізудегі серіктесі мен ұйымдастырушы – Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
Байқауға ғаламтор кеңістігіндегі тәжірибесі кемінде бір жылды құрайтын, тек қазақ тілінде ақпарат тарататын үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар қатысты. Қазылар алқасы сайттарды мазмұны, қызмет бағыты, интерактивтілігі, қазақ тілі мен ұлттық құндылықтардың дәріптелуі, патриоттық тақырыптардың үздіксіз көтерілуі, көркемдік жағы, идея ерекшелігі, тартымдылығы секілді талаптар бойынша саралады.
Байқауға республиканың барлық аймақтарынан 30-дан астам өтінім түсіп, байқау комиссиясы 7 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады.
«Өткір тіл» — қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік сайт аталымы бойынша www.qazaquni.kz порталы, «Рухани азық» – қазақ әдебиеті мен мәдениетін насихаттаушы үздік сайт аталымы бойынша www.qasym.kz порталы, «Терең ізденіс» — қазақ елінің тарихын насихаттаушы үздік сайт аталымы бойынша www.kazmuseum.kz сайты, «Шынайы өмір» – қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылайтын үздік сайт аталымы бойынша www.tobyl-torgai.kz сайты, «Спорт тынысы» — салауатты өмір салты мен спортты насихаттаушы үздік сайт аталымы бойынша www.dodasport.kz сайты, «Білім бұлағы» — білім беретін үздік сайт аталымы бойынша www.martebe.kz сайты, «Жастар әлемі» — жастар тақырыбына арналған үздік сайт аталымы бойынша www.massaget.kz порталы жеңімпаз болып танылды.
Әрбір номинация бойынша жеңімпаздарға Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының дипломдары мен ақшалай сыйлық тапсырылды.